Ол бұл оқиға туралы Instagram парақшасында жазды.
«Әлеуметтік желілер адамдарға ойына келгеннің бәрін айтуға мүмкіндік беріп жіберді. Ақтөбеде TikTok-та ақшаға бата беретін бір “емші” тұрады екен. Оның адамдарды емдеуге лицензиясы бар ма? Салық төлей ме? Бұл – бөлек әңгіме. Бірақ кейбір нәрсеге көз жұма қарауға болмайды», –
деді продюсер.
Оның айтуынша, әлгі емші тікелей эфирлерде ұзақ уақыт бойы өзін, Динара Сатжан мен басқа да адамдарды балағаттап, жалған ақпарат таратқан. Сондай-ақ, тележүргізуші мемлекеттен өз жобаларына қаржы алады деп мәлімдеген.
«Бұл – өтірік. Және заңның бірнеше бабын бірдей бұзу. Қазір бұл мәселемен заңгерлерім айналысып жатыр. Мен өзімді қорлауға жол бермеймін. Мен туралы жалған ақпарат таратуға да рұқсат жоқ. Егер біреу осылай хайп жасап, аудитория жинағысы келсе, сотқа дайын болсын. Кейін адвокаттарға кеткен барлық шығын да сіздерден өндіріледі. Мен бұған дейін сондай бір әйелді сотқа бергенмін», –
деп жазды Алагөзова.
Жазбаның астындағы пікірлер бөлімінде продюсердің қарсы тарабы да жауап қалдырған.
«Сенің ата-баба рухтарымен ойнап жүргеніңді көрсетемін. Маған лицензия о дүниеден берілген! Мен сен ойлағандай жалған “емші” емеспін! Сендер туралы жағымсыз ақпаратқа келсек, маған Бағдагүл ханымға көмектескісі келетін адамдар хабарласып, сөзіме дәлел ұсынуға дайын екенін айтып жатыр. Керісінше, абыройларыңды төкпей, беделдеріңді сақтаңдар деп ескертемін», –
деп жазды емші.
Осыдан кейін қазақстандықтар әлеуметтік желіде екіге бөлініп, қызу пікірталас басталды. Дегенмен көпшілік Баян Алагөзованы қолдады.
«Дұрыс айтасыз! Сәттілік тілеймін! Мұндай әрекеттердің жолын кесу керек!», «XXI ғасырда емшілерге әлі де сенетіндер бар ма?», «Баян Мақсатқызы, сіз дұрыс айтасыз. Ешкімнің адамды қорлап, жала жабуға құқығы жоқ», «Өзгелерді балағаттайтын адам қалай емші болады? TikTok қарамайтыныма қуанып отырмын», – деп жазды желі қолданушылары.
Фото: Instagram