Экс-министр Баян Алагөзовадан «Қыз Жібек» фильміндегі қамзолды музейге өткізуді сұрады

Мәдениет және спорт экс-министрі, халықаралық түркі мәдениеті мен мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлова «Қыз Жібек» фильміндегі қамзолға қатысты туындаған даулы мәселеге пікір білдірді.

от Арайлым Ақан
Опубликовано: 22 апреля 2026, 11:27
Баян Алагөзова «Қыз Жібек»
«Қыз Жібек» фильмінен кадр

Райымқұлова бұл қамзолдың мәдени мұра екенін және қазақ халқы үшін ерекше құндылыққа ие екенін атап өтті. Оның айтуынша, продюсер Баян Алагөзова меценат ретінде бұл жәдігерді сақтап қалуға атсалысып отыр, алайда оқиғаның ең дұрыс шешімі — қамзолды музейлердің біріне тапсыру болмақ.

«Қазір бұл тақырып қоғамда кең талқыланып жатыр. Менің ойымша, мемлекетпен бірге меценаттар мен демеушілер де мәдени мұраны сақтауға үлес қосуы керек. Құрметті Баян Алагөзованың әрекетін құптайтыным, ол өзінің айтуы бойынша меценат ретінде бұл камзолды сатып алды. Әрине, бұл бұйым сақталады. Бірақ оны музейге тапсырса, тіпті жақсы болар еді. Өйткені бұл камзол – біздің мәдени мұрамыздың бір бөлігі, қазақ киімінің тамаша үлгісі», —

деді Ақтоты Райымқұлова.

Еске сала кетейік, аты аңызға айналған «Қыз Жібек» фильміндегі қамзол қазақстандық кәсіпкер Тұрсын Алагөзовтің жары Баян Алагөзованың қолында екені белгілі болған еді. Продюсер бұл жәдігерді Instagram парақшасында көрсетіп, оның өзіне сыйға тартылғанын хабарлаған. Бұл қамзолды фильмде басты рөлді сомдаған актриса Меруерт Өтекешова киген болатын.

Осыдан кейін Мәдениет министрлігі «Қазақфильм» киностудиясының қорында тек бір ғана түпнұсқа қамзол сақталғанын мәлімдеді. Ведомство бұл жәдігер ұлттық кинематография мұрасының маңызды бөлігі ретінде мемлекет қорғауында екенін қадап айтты. Сондай-ақ, министрлік екінші қамзолдың жеке тұлғаның қолына қалай түскенін анықтап жатқандарын жеткізді.


Дереккөз: Ulys Media

Cookie Image Использование файлов cookie

Мы используем куки для улучшения работы сайта. Узнать больше