Бұл туралы Сенат кулуарында Ішкі істер вице-министрі Санжар Әділов мәлімдеді.
«Оларға қатысты амнистия қолданылмайды. Яғни, жауапкершіліктен босату да, жаза мерзімін қысқарту да қарастырылмаған. Себебі бұл бап бойынша амнистия көзделмейді», –
деді Әділов.
Бұған дейін сот ерлі-зайыпты Жанабыловтарға қатысты үкім шығарған болатын. Ерболат Жанабылов екі жыл мерзімге шартты түрде бас бостандығынан айырылып, мүлкі тәркіленді. Ал Эльмира Төлегенова екі жылға ең төменгі қауіпсіздік деңгейіндегі түзеу мекемесінде бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Алайда жазаны орындау мерзімі екі жылға кейінге шегерілді.
Еске салсақ, Жанабыловтар 2025 жылғы 18–21 тамыз аралығында автокөлік ұтыс ойынын ұйымдастырған. Алайда уәде етілген тікелей эфирдің орнына жазылушыларға құны 30 мың теңге болатын ақылы оқу курсының сілтемесі жолданған. Сонымен қатар ұтыс ойынына қатысу тек осы курсты сатып алғандарға ғана қолжетімді болған.
Осыдан кейін блогерлердің қызметіне Қаржылық мониторинг агенттігі назар аударды. Алғашында іс әкімшілік құқық бұзушылық ретінде қаралғанымен, қыркүйек айында сот қылмыстық құқық бұзушылық белгілерін анықтап, материалдарды Астана қаласының Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне жолдаған.
2026 жылғы 2 ақпаннан бастап Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегенова үйқамақта болды.
Фото: Instagram