«Баланы емізуден басқаның бәрін жасауға тырысамын»: Артур Асқарұлы әкелік өмірдің қыр-сырымен бөлісті

Вайнер әрі блогер Артур Асқарұлы «Отец» подкастында қонақ болып, әке атанғаннан кейінгі өмірі туралы әңгімеледі. Жас әкенің айтуынша, ұлының дүниеге келгеніне небәрі 38 күн болған.

от Арайлым Ақан
Опубликовано: 02 июня 2026, 11:41
Артур Асқарұлы
Instagram: @archibaaalt

Қазір ол жұбайымен бірге сәби тәрбиесінің алғашқы кезеңін бастан өткеріп, баласына барынша жақсы ата-ана болуға күш салып жүр.

Сұхбат барысында блогер өзінің балалық шағын да еске алды. Оның айтуынша, жасөспірім кезінде ата-анасы екі жаққа кеткен. Соған қарамастан, бүгінде әкесімен қарым-қатынасы жақсы, әрі одан өмірлік тәжірибе жинағанын айтты. Артур өткен жылдары психологиялық қиындықтармен жұмыс істеп, мамандардың көмегіне жүгінгенін жасырмады. Нәтижесінде әкесіне деген өкпе-назынан арылғанын жеткізді.

Ол осындай жағдайды бастан өткерген адамдарға психолог көмегінен бас тартпауға кеңес берді. Блогердің пікірінше, адамның ішкі мәселелері болашақ отбасылық өміріне әсер етпеуі тиіс.

Артур үшін тұңғышының жынысы аса маңызды болмағанын да атап өтті.

«Маған сәбиім дүниеге келген сәтте оның ұл не қыз екені маңызды болған жоқ. Бірақ ұл бала қызға қарағанда тынышырақ секілді. Қызым болса, оған көбірек уайымдайтын едім», –

дейді ол.

Сондай-ақ, блогер жұбайы Замираның босануы кезінде оның жанында болғанын айтты. Ол мұндай жауапты сәтте ер азаматтың қолдауы ерекше маңызды деп есептейді. Артурдың сөзінше, жарының қасында болуы оған өзін қауіпсіз сезінуге және сабыр сақтауға көмектескен.

Жас әкенің бала тәрбиесіне жауапкершілікпен қарауына өз әкесінің ықпалы зор болған. Оның айтуынша, әкесінің «Мен сияқты әке болма» деген сөзі өмірге деген көзқарасына әсер етіп, көп ой салған.

«Балалық шағымда ренжіген кездерім көп болды. Бірақ өзім әке болғанда көп нәрсені түсіндім», –

дейді Артур.

Блогер сәби күтімінде жұбайына мүмкіндігінше көмектесуге тырысатынын айтты.

«Баланы емізуден басқаның бәрін жасауға тырысамын. Білмесем, үйреніп жүрмін», –

дейді жас әке.

Подкаст барысында жүргізуші Артурдан болашақта баласы бұл сұхбатты көрсе, оған қандай тілек айтатынын сұрады.

«Сенің бізбен мақтанғаныңды, біздің сенімен мақтанғанымызды қалаймын. Қалай болады, кім боласың, қандай боласың – маңызды емес. Бастысы, бәріміз бірге, аман болсақ болды», –

деп жауап берді блогер.

Артурдың пікірінше, әке болу – үлкен жауапкершілік жүктейтін өмірлік міндет. Ол әке болуды өз алдына жеке мамандықпен теңестіруге болады деп санайды.

Еске салайық, Артур Асқарұлы биыл сәуір айында ұлды болған еді.


Фото: Instagram

Cookie Image Использование файлов cookie

Мы используем куки для улучшения работы сайта. Узнать больше