Халықтың әл-ауқатын анықтаудың бірнеше тәсілі бар. Солардың бірі — орташа жалақыны есептеу. 2025 жылдың екінші тоқсанында бұл көрсеткіш 448 620 теңге болғанымен, мұндай жалақыны барлық азаматтар алмайды.
Басқа тәсіл — жан басына шаққандағы табысты есептеу. Қазақстандық отбасыларды іріктеп сауалнама жүргізу нәтижесінде бұл көрсеткіш 119 879 теңге деп анықталған.
Ал номиналды ақшалай табыс деп аталатын көрсеткіш нақты статистикалық және әкімшілік деректерге негізделеді. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2025 жылдың екінші тоқсанында қазақстандықтардың номиналды табысы айына 236 501 теңге болды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 10,4%-ға жоғары. Алайда инфляция әсерінен нақты табыс 0,8%-ға төмендеген.
Маңыздысы — бұл көрсеткішке барлық табыс түрлері кіреді: жалақы (оның ішінде өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың кірісі), жәрдемақы, зейнетақы және алимент. Осы соманы ел халқының жалпы санына — жұмыс істемейтіндер мен балаларды қоса есептеп — бөлгенде орташа есеппен 236 501 теңге шығады.
Басқаша айтқанда, сарапшылар халықтың барлық табысын жинақтап, оны елдегі әр тұрғынға теңдей бөлген.
Ең жоғары және ең төмен табыс қай өңірлерде?
Ең жоғары номиналды табыс Алматы қаласында тіркелген — 371 481 теңге. Келесі орында Астана қаласы — 337 014 теңге, ал үшінші орында Атырау облысы — 308 435 теңге.
Шымкентте бұл көрсеткіш айына 153 532 теңге, ал ең төменгі табыс Түркістан облысында — 134 620 теңге.
Республикалық орташа көрсеткіштен жоғары табыс байқалған өңірлер:
- Ұлытау облысы — 303 875 теңге,
- Маңғыстау облысы — 277 626 теңге,
- Павлодар облысы — 260 191 теңге,
- Шығыс Қазақстан облысы — 257 159 теңге,
- Қарағанды облысы — 255 692 теңге.
Фото: Pexels
Дереккөз: Nur.kz