Илья Варламов YouTube арнасында Қазақстандағы тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесіне арналған жаңа бейнеролик жариялады.
Видеода блогер Қазақстанды «Орталық Азиядағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың эпицентрі» деп сипаттай отырып, елді өте әдемі әрі тартымды мемлекет санайтынын, алайда соңғы жылдары Қазақстанның осы мәселемен жиі байланыстырылып жүргенін айтты.
Шығарылымда Варламов Салтанат Нүкенованың қоғамда үлкен резонанс тудырған өлімі, осы оқиғадан кейін қабылданған заңнамалық өзгерістер, сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған өзге әйелдердің оқиғалары туралы сөз қозғады.
Бейнеролик көрермендер арасында түрлі пікір туғызып, әсіресе Threads әлеуметтік желісінде кеңінен талқыланды.
Желі қолданушыларының бір бөлігі Варламов Қазақстанды жағымсыз қырынан көрсетуге тырысты деген пікір білдірді.
Ал енді бір топ қолданушы шығарылымды қолдап, тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесін кім көтерсе де, оның қоғам назарында болуы маңызды екенін атап өтті.
«Мен ер адаммын және Қазақстаннанмын! Мұндай мәселелердің жасырылмай, ашық айтылып жатқанына қуаныштымын», «Мен Қазақстаннанмын, Илья, бүкіл қоғам үшін өте маңызды осы тақырыпты көтергеніңізге рақмет», «Варламовтың видеосын көріп шықтым, көрген бойы жұдырығым түйіліп отырды. Қазақстанда немесе жалпы ТМД елдерінде әйелдерге қатысты осыншама сұмдық жағдайлар болып жатқанын білмеппін», — деп жазды желі қолданушылары.
Фото: Instagram