Әрқайсысы өз аудиториясын қалыптастырып үлгерген өнер иелері бұл жолы шығармашылықтарын тоғыстырып, заманауи музыкалық стиль мен кез келген тыңдарманға түсінікті терең ойды бір туындыға сыйғызды.
INDI ТМД елдерінде хит әндерімен және музыкалық чарттардағы жоғары көрсеткіштерімен танылса, Danna Max ағылшын тіліндегі әндері арқылы халықаралық аудиторияның назарын аударып келеді. Closing – осы екі шығармашылық әлемнің үйлесімді тоғысынан туған ерекше жоба.
Әннің тарихы Алматыдағы Терренкурда серуендеу кезінде басталған. Сол сәтте INDI Danna Max-тың телефонынан әуезді әуенді естіп, оның қандай шығарма екенін сұрайды. Белгілі болғандай, бұл – Danna Max бес жыл бұрын карантин кезінде жазған, бірақ ешқашан жарыққа шықпаған демо-нұсқа екен.
«Мен бұл әуенге бірден ғашық болдым. Тіпті қалжыңдап, оны 10 мың долларға сатып алғым келетінін айттым. Бірақ Danna Max бұл әнді бірге орындауды ұсынды. Осылайша дуэт идеясы дүниеге келді», –
дейді INDI.
Бір ән, бір сезім
Ортақ жұмыс барысында композиция жаңа тыныс алып, жаңа мазмұнға ие болды. Әннің саунд-продюсері ретінде Danna Max еңбек етсе, мәтінін қос өнерпаз өздерінің өмірлік тәжірибесі мен ішкі сезімдерін біріктіре отырып жазған.
«Мен үшін әннің бастапқы атмосферасын сақтап қалу маңызды болды. Сонымен бірге оған бүгінгі өмірімізге сай жаңа мағына бергіміз келді. Бірге жұмыс істей бастағанда, екеуміздің де өміріміздегі кезеңнің ұқсас екенін және әлемге жеткізгіміз келген ойымыздың бір екенін түсіндік», –
дейді Danna Max.
Ішкі үнге құлақ асу
Әншілердің айтуынша, Closing – адамның ішкі өзгерісі, өзін қайта тануы және өмірдегі басты тірегін өз бойынан іздеуі туралы шығарма. Әннің атауы көзді жұмып, сыртқы шудан алыстап, өз жүрегіңнің үнін ести білу идеясын білдіреді.
«Кейде ең маңызды дүниені дәл көзімізді жұмғанда ғана көре бастаймыз. Closing – өз ішкі дауысыңа сеніп, сол жолмен батыл жүру туралы ән», –
дейді INDI.
Он жылдық таныстықтың жаңа белесі
INDI мен Danna Max бір-бірін он жылдан астам уақыттан бері білсе де, дәл осы жоба олардың шығармашылық қарым-қатынасын жаңа деңгейге көтерген.
«Біз бір-бірімізді музыкант ретінде жаңаша таныдық. Шығармашылық үдерісте ортақ тіл табу, бір-бірімізді тыңдай білу және жұмыстан шынайы ләззат алу – осы әннің табиғи әрі адал шығуына себеп болды», –
деп бөліседі Danna Max.
Әлемге арналған үндеу
Орындаушылар бұл жолы ағылшын тілін әдейі таңдаған. Себебі олардың ойынша, әннің басты идеясы әлемнің түкпір-түкпіріндегі адамдарға жетуі тиіс.
Жаңа сингл арқылы INDI мен Danna Max тыңдармандарына қарапайым, бірақ маңызды үндеу жолдайды:
«Жүрегіңді аш. Өзіңнің ішкі әлеміңе үңіл. Махаббатты өзгемен бөліс. Болашаққа сеніммен қара. Жақыныңды құшақта. Closing әнін тыңдап, музыкадан ләззат ал және бақытты бол».
Фото: Diyar Ussenov