Жаңа композиция әншінің шығармашылық бағытын жалғастырып, жеке сезім мен өмірлік тәжірибені ішкі күш, саналы таңдау және өз жолыңды табу туралы әмбебап ойлармен ұштастырады.
«time» әнінің негізгі идеясы — қазіргі қоғамда адамға жан-жақтан таңылатын пікірлер мен талаптардың ықпалында кетпей, өз даралығын сақтап қалу. Эмоциялық лирика мен шынайы орындау арқылы Yenlik тыңдармандарына ең алдымен өз жүрегіңнің үнін тыңдаудың маңызын еске салады.
Әншінің айтуынша, туындының басты мақсаты — адамдарды өз ұстанымдарына берік болуға шабыттандыру.
«Әннің мағынасы, әдеттегідей, адамды шабыттандыруға, өзгенің ойы мен пікіріне еріп кетпей, өзінің сенімі мен көзқарасына адал болуға шақыруға негізделген», —
дейді Yenlik.
Композициядағы ерекше мәнге ие жолдардың бірі:
«Алайда бәрі өз көңілінде не бар, соны сағанда ілуге, беруге құмар».
Әнші дәл осы ой шығарманың өзегіне айналғанын атап өтеді.
«Қазіргі заманда сыртқы ықпал мен өзгенің пікіріне еріп кету оңай. Сондықтан адам өз ұстанымын берік сақтап, дүниеге деген өзіндік көзқарасынан айырылмауы керек», —
дейді ол.
Бұл сингл Yenlik шығармашылығындағы жаңа кезеңнің бастауын белгілеп, тыңдарманға ой салатын әрі шабыт сыйлайтын туынды ретінде ерекшеленеді.
Фото: Instagram