Сыбанов Болат Күнтуұлы — қазақстандық әнші, композитор, Абай атындағы драма театрының әртісі, республикалық ән лауреаты.

Тірі болғанда биыл 85 жасқа толатын еді. Мерейтойға орай Қазақстанның еңбек сіңірген әртісінің отбасы Семей қаласының облыстық әкімдігі, Клара Төленбаева, Ерлан Рысқали, Нұрлан Оранхаев, Шалқар Заманбекұлының, мәдениет басқармасы — Назира Тасболатқызы, филармония басшысы Айбек Бекбосынұлы, әкім Барадулиханың қолдауымен Абай атындағы театрда концерт ұйымдастырды.

Сыбанов Болат 10 қаңтарда Семей облысы Жаңасемей ауданы Изатолла ауылында (қазіргі Шығыс Қазақстан облысы) дүниеге келген. Еңбек жолын 1957 жылы Абай атындағы Семей қазақ драма театрының әртісі болып бастаған. Театрдағы шығармашылық қызметі жылдарында Болат Сыбанов 100-ден астам жарқын, есте қаларлық туындылар жасап, 30-дан астам ән жазды. Қазақ радиосы мен телевизиясының алтын қорына оның «Ақ бұлақ», «Таң самалы», «Ғашықтар термесі», «Жан ана», «Әке туралы» және тағы басқа әндері енген. Көптеген әндері Түркия, Швеция, Германия, Моңғолия, Қытай елдерінде өте танымал. 


Болат Сыбанов — арнайы музыкалық білімі жоқ болса да, домбырада, фортепианода, баянда жақсы ойнайтын әртістердің бірі. Ол көптеген қойылымдарда бой көрсеткен, атап айтсақ, «Тау қызы», «Волоколамское шоссе», «Шыңғыс хикаясы». 

«17 қараша, Болат Сыбанов жайлы концерт өтті. Зал лық толды. Енді ол кісіні білмейтін кісі аз шығар. Швеция, Турция, Моңғолия елдерінде ол кісінің әндері айтылған. 

Ол кісі жақсы әке, жақсы жар болды, жақсы өмір сүрдік, немерелі де өте жақсы көретін. Биыл өмірден өткеніне 25 жыл. Дүниеге келгеніне 85 жыл болғанына орай үлкен шара жүргізіп жатыр. Семей, Астана қалаларынан, ауылдардан кісілер келді. Ол кісінің әндері көпшіліктің жүректерінде қалып, әндерін еске алып айтып жатыр.

Осы шараның өтуіне ат салысқан Абай облысының әкімшілігіне, Нұрлан Ұранхав мырзаға, Шалқар Заманбекұлына, Назира Тасболатқызына, Айбек Бекбосынұлына, театр ұжымына, оркестрге, жан-жақтан келген халыққы, еліме, әншілерге, Болаттың әнін, үнін сағынған барша жанға рахмет»,

деп бөлісті Болат Сыбановтың жары Үміт Сыбанова. 

1998 жылы 14 ақпанда 60 жылдық мерейтойын атап өткеннен кейін қайтыс болды.


Фото: архив

Поделиться: