«Менің жаңарған болмысымның көрінісі»: Балжан Бидаш «Zhańa dàuir» атты альбомын ұсынды

Қазақстандық әнші Балжан Бидаш тыңдармандарына «Zhańa dàuir» атты жаңа альбомын таныстырды.

от Арайлым Ақан
Опубликовано: 03 июля 2026, 12:07
Балжан Бидаш «Zhańa dàuir»
Instagram: @bidash_official

Бұл туынды әншінің шығармашылық жолындағы кезекті жоба ғана емес, оның ішкі әлеміндегі, рухани ізденісіндегі және өнердегі жаңа кезеңнің символына айналды.

Жаңа үнтаспаға барлығы 10 ән енген. Әр композиция өмір, махаббат, адам жаны мен руханият тақырыптарын әр қырынан ашады. Альбомдағы ең көп күткен жұмыстардың бірі – Қазақстанның халық әртісі Қайрат Нұртаспен бірге орындалған дуэт. Бұл ән қос өнерпаздың тыңдармандары үшін ерекше сый болмақ.

Әнжинақтағы ең әсерлі туындылардың бірі – ата-анасына арналған ән. Балжанның айтуынша, бүгінгі жетістіктерінің барлығы әке-шешесінің қолдауы мен тәрбиесінің арқасы.

Альбомдағы әндердің басым бөлігі терең рухани мазмұнға құрылған. Ал дуэттік шығармалар махаббат тақырыбын арқау етеді. Солардың ішінде «Менің адамым» әні орындаушы үшін ерекше мәнге ие. Балжан бұл шығарманы болашақ өмірлік серігіне арналған аффирмация ретінде жазғанын айтты. Оның арманы – өзара түсіністік, үйлесім мен шынайы бақытқа негізделген отбасы құру.

Тыңдарман ерекше қызығушылық танытып отырған әндердің бірі – «Уақыт». Альбом әлі барлық цифрлық платформаларда жарияланбағанына қарамастан, дәл осы композицияны жанкүйерлер бірінші болып шығаруды сұрап, асыға күтіп отыр.

Ал «Жұмбақ» әні өмірдің тылсым табиғатын бейнелейді. Әнші бұл туындыны орындаған сайын ерекше күйге енетінін жасырмады.

«Кейде өмір түс секілді көрінеді, кейде бәрі айқын шындыққа айналады. Бұл әнді орындағанда ерекше эйфорияны сезінемін», –

дейді Балжан.

Өнер иесінің айтуынша, бүгінде ол өзінің жаңа музыкалық стилі мен шығармашылық болмысын қалыптастыру кезеңінде. Сондықтан «Zhańa dàuir» атауы да бекер таңдалмаған.

«Бұл альбом – менің жаңарған болмысымның көрінісі. Ол – шығармашылығымның, ішкі әлемімнің және рухани жолымның жаңа тарауы. «Zhańa dàuir» альбомы мен әндерім қазақстандық шоу-бизнеске жаңа леп әкеліп, тыңдармандарға шабыт сыйлап, шығармашылығымның жаңа кезеңін бастайды деп сенемін», –

деді әнші.

Балжан Бидаш үшін музыка – өмірінің ажырамас бөлігі. Оның әкесі – композитор, анасы – әнші, ал ағасы – композитор әрі музыкалық продюсер. Өнер ортасында тәрбиеленген әнші өзінің сахналық есімі емес, Бидаш – нағыз фамилиясы екенін де атап өтті.

Презентация барысында өнер иесі өмір жолындағы барлық сынақтарға ризашылығын білдірді. Оның сөзінше, әрбір қиындық өзін шыңдап, бүгінгі жетістіктеріне жеткізген.

Сондай-ақ, Балжан альбомның авторы Мира Келімбетоваға ерекше алғыс айтты. Әншінің пікірінше, руханиятқа жақын жан ретінде Мира Келімбетова оның жүрегінде ұзақ уақыт сақталған сезімдерді ән арқылы жеткізуге көмектескен. Балжан бұл жобаның дүниеге келуіне автордың сенімі, қолдауы мен шабыты зор үлес қосқанын ерекше атап өтті.

Жақын күндері «Zhańa dàuir» альбомы барлық цифрлық музыкалық платформаларда қолжетімді болады.


Фото: Instagram

Cookie Image Использование файлов cookie

Мы используем куки для улучшения работы сайта. Узнать больше