Жеңіл, көлемді әрі сәнді: 2026 жылы жұлдыздар таңдаған шаш үлгісі

Шашқа жаңа сипат берудің қарапайым тәсілі

от Арайлым Ақан
Опубликовано: 27 августа 2026, 11:30
2026 жылы жұлдыздар таңдаған шаш үлгісі
Instagram: @realbarbarapalvin

Соңғы маусымдарда қысқа шаш үлгілерінің танымалдығы айрықша артып келеді. Скандинавиялық кареден бастап ұзартылған бобқа дейінгі сан түрлі нұсқа, сондай-ақ сәнге қайта оралған бикси — мұның бәрі қысқа шаштың әлі де трендтен түспегенін көрсетеді. 2026 жылы шаш үлгілеріне қатысты жаңа тенденциялар да бірінен соң бірі пайда болып жатыр.

Қысқа шаштың өзіне жарасатын үлгісін тапқан қыздардың көбі ұзын шашпен қоштасуға бел буып жүр. Дегенмен мұндай өзгеріске кез келген адам дайын емес. Егер шаштың ұзындығын сақтай отырып, сыртқы келбетіңе жаңалық енгізгің келсе, «қауырсын» үлгісіне назар аударған жөн. Ол — 2026 жылдың жазындағы ең сәнді шаш үлгілерінің бірі.

Бұл шаш үлгісінің бірнеше артықшылығы бар. Біріншіден, ол әмбебап: шаштың кез келген түрі мен қалыңдығына сай келеді. Екіншіден, арнайы күрделі сәндеуді қажет етпейді. Үшіншіден, шашқа жеңілдік беріп, көлемін көзбен айтарлықтай арттырады.

«Қауырсын» шаш үлгісінің ерекшелігі неде?

Жеңіл, көлемді әрі сәнді: 2026 жылы жұлдыздар таңдаған шаш үлгісі
Instagram: @realbarbarapalvin

Бұл шаш үлгісінің негізгі идеясы қарапайым әрі көпшілікке таныс болуы мүмкін. Мұндағы басты элемент — қабаттар. Олар шаштың табиғи құрылымын айқындап, жеңілдік пен қосымша көлем береді.

Алайда «қауырсын» үлгісіндегі қабаттар, мысалы, «көбелек» шаш үлгісіндегідей айқын бөлінбейді. Керісінше, бір қабат екіншісіне жұмсақ әрі біртіндеп жалғасады. Осындай әсерге қол жеткізу үшін шаш ұштарын мұқият сирету маңызды. Дәл осы тәсіл — «қауырсын» үлгісінің басты ерекшелігі.

Сиретілген әрі жеңіл шаш ұштары құстың қауырсынына ұқсайтындықтан, шаш үлгісі де осындай атауға ие болған.

Егер шашыңда кекіл болса, әсіресе «перде» үлгісіндегі кекілмен бұл шаштың стилі өте үйлесімді көрінеді. Ол шашқа қосымша көлем беріп, бет әлпетінің ерекшеліктерін визуалды түрде жұмсартады.

Мұндай шаш үлгісін кім таңдады?

Жеңіл, көлемді әрі сәнді: 2026 жылы жұлдыздар таңдаған шаш үлгісі
Instagram: @sarah__pidgeon

Бұл стрижканы Сара Пиджон мен Барбара Палвин сияқты жұлдыздардың образдарынан көруге болады. Сара Пиджон биыл Love Story: John F. Kennedy Jr. & Carolyn Bessette сериалындағы Кэролайн Бессетт-Кеннеди рөлі үшін дәл осындай қысқа бобпен көрініп, кейін шашын жұмсақ ақшыл түске ауыстырды. Оның образы 90-жылдардағы минимализмнің қайтадан сәнге келгенін айқын көрсетеді.

Бұл шаш үлгісін Хейли Биберден де байқауға болады. Оның иық тұсына түсетін ұзын бобы мен жеңіл қабаттары шашқа табиғи қозғалыс беріп, үлгіні әрі жинақы, әрі еркін көрсетеді. Бибер 2026 жылы да осы ұзындықтағы бобты бірнеше нұсқада ұсынып жүр — кейде жұмсақ толқынмен, кейде ұштарын сәл қайырып сәндейді.

Қандай шаш түріне жарасады?

Жеңіл, көлемді әрі сәнді: 2026 жылы жұлдыздар таңдаған шаш үлгісі
Instagram: @haileybieber

Қабаттап қиюдың бұл түрі шаштың кез келген құрылымына бейімделеді. Жұқа шашқа көлем қосса, қалың шашты жеңіл әрі жинақы етіп көрсетеді. Дегенмен қабаттардың мөлшерін дұрыс таңдау маңызды. Егер шаш тым көп сатыланса, ол шамадан тыс үлпілдеп кетуі мүмкін.

«Қауырсын» үлгісі бұйра және толқынды шашқа да ерекше жарасады. Себебі қабаттар бұйралардың пішінін айқындап, шаштың табиғи қозғалысын әдемі көрсетеді.

Қалай сәндеуге болады?

Жеңіл, көлемді әрі сәнді: 2026 жылы жұлдыздар таңдаған шаш үлгісі
Instagram: @zendaya

Бір қарағанда күрделі көрінгенімен, бұл шаш үлгісін сәндеу аса қиын емес. Күнделікті өмірге шашқа текстура беретін құрал жағып, фенмен сәл кептірсең жеткілікті. Қосымша құралдарды қолданудың қажеті жоқ.

Ал шашты жинақы етіп, сонымен қатар көлемін арттырғың келсе, Фарра Фосетттің әйгілі сәндеу үлгісінен шабыт алуға болады. Ол үшін дөңгелек тарақпен шашты беттен сыртқа қарай айналдыра кептіру керек. Нәтижені ұзақ сақтау үшін орташа деңгейде бекітетін лак қолданған дұрыс.

Тағы бір сәнді нұсқа — жеңіл толқындар. Мұндай әсер жасау үшін диаметрі үлкен бұйралағыш құрал қажет. Шашты бұйралағаннан кейін бірден тарамай, алдымен толық суығанын күт. Содан соң сирек тісті тарақпен шаштың араларын ашып, сәнде.

Соңында текстура беретін спрей немесе басқа да текстурайзер қолдануға болады. Ол шаштың пішінін сақтауға көмектеседі, бірақ бұйраларды ауырлатып, қатайтып тастамайды. Нәтижесінде шаш табиғи, жеңіл әрі қозғалысы сақталған күйде қалады.

Қысқасы, ұзын шаштан айырылғысы келмейтін, бірақ сыртқы келбетіне жаңалық енгізуді қалайтындар үшін «қауырсын» шаш үлгісі — 2026 жылғы ең сәтті таңдаулардың бірі. Ол ұзындықты сақтай отырып, шашқа көлем, қозғалыс және заманауи сипат береді.


Фото: Instagram

Дереккөз: The Symbol

Cookie Image Использование файлов cookie

Мы используем куки для улучшения работы сайта. Узнать больше