Акварельді макияж: жаздан күзге жалғасатын сәнді тренд

Акварельді макияж осы жаздың басты трендтерінің біріне айналды.

от Арайлым Ақан
Опубликовано: 25 августа 2026, 12:28
Акварельді макияж
Instagram: @haileybieber

Енді бұл бет бояуын келесі маусымға да өзімізбен бірге алып кетеміз. Оның үстіне, 2026/2027 жылғы күз-қыс сән көрсетілімдері бұған талай себеп ұсынды: Ralph Lauren мен No. 21 көрсетілімдеріндегі жартылай мөлдір реңкті қызарулар, Antonio Marras пен Conner Ives-тегі акварельді қабақ бояуы, ал Richard Quinn, Altuzarra және Kallmeyer топтамаларындағы сүйгеннен кейінгі әсер қалдыратын еріндер.

Акварельді макияж жасауды үйренеміз. Бұл жазғы тренд бізбен бірге күзге де өтеді
Courtesy of Ralph Lauren

Акварельді макияж кімдерге жарасады? Оны қандай құралдармен және қалай жағу керек? Бұл трендтің қандай да бір жасырын тұстары бар ма? Бұл сұрақтарға визажистер жауап береді.

«Бір-біріне сіңісіп кететін жеңіл қабаттар, анық шекаралардың болмауы, бәрінің жартылай мөлдір, жеңіл, нәзік болуы, бір реңктің екіншісіне біртіндеп ұласуы» —

визажист Юлия Рада акварельді макияжды осылай сипаттайды.

Оның бұл анықтамасы Уильям Тернердің акварельмен салынған пейзаждарына да дәл келер еді. Алайда визажист соңғы бірнеше айда барлық жерден көріп жүрген макияж түрін айтып отыр: Met Gala-да, басқа да қызыл кілем шараларында, сән апталықтарының көрсетілімдерінде және әлеуметтік желілерде.

«Сон Бьюти Бар» визажисі Аюна Семенова да оны осыған ұқсас сипаттайды:

«Мен үшін акварельді макияж — жеңіл текстуралар, анық сызықтардың болмауы, жартылай мөлдірлік пен табиғилық. Мұнда түстер бар, бірақ олар бір-біріне біртіндеп сіңісіп, жұмсақ таралады. Оның кәдімгі жеңіл макияждан басты айырмашылығы — бұлыңғыр жиектер мен жартылай мөлдір әсер. Жеңіл макияж қатаң әрі графикалық болуы мүмкін, мысалы, классикалық көз сызықтары. Ал акварельді макияж — бұл ең алдымен ерекше жағу және жаймалау техникасы».

Бұл тренд қайдан пайда болды?

Акварельді макияж жасауды үйренеміз. Бұл жазғы тренд бізбен бірге күзге де өтеді
Instagram: @haileybieber

Юлия Рада акварельді макияждың бізбен бұрыннан бірге келе жатқанын айтады.

«Бұл терминнің пайда болғанына кемінде 15 жыл болды. Мен енді ғана оқып, үйрене бастаған кездің өзінде ол бар еді», —

дейді ол.

Ал әлеуметтік желілерде бұл тіркестің қайтадан танымал болуына Хейли Бибер, Сабрина Карпентер, Яра Шахиди және Дуа Липамен жұмыс істейтін визажист Никки Вольффтың ықпалы зор. Ол өткен жазда Instagram парақшасында «акварельді макияждың танымалдығы артып келе жатқанын» жазған еді. Арада он екі ай өткенде оның болжамының дұрыстығын кәсіби мамандар ғана емес, қарапайым адамдар да байқап отыр.

Ендеше акварельді макияждың танымалдығы неге бәсеңдемей тұр? Әрине, мұнда Хейли Бибердің әсері де бар: ол Мидас патша секілді қол тигізгенінің бәрін алтынға айналдыратын трендсеттерге айналды. Бірақ мұның басқа да себептері жеткілікті.

«Акварельді макияж соңғы уақытта танымал болған clean girl стиліне жақсы балама болды, ұзақ уақыт бойы біз сол “макияжсыз макияжды” жасап, тек ақшыл және қоңыр реңктерді қолдандық. Біртіндеп бұл жалықтыра бастады. Ал акварельді стиль таптырмас шешім болды: ол бұрынғыдай жеңілдік пен балғындықты сақтай отырып, образға шығармашылық пен даралық қосты», —

дейді Аюна Семенова.

Оның тағы бір, бәлкім, ең басты артықшылығы — барлығына жарасады.

«Жасы үлкен теріде ол талғампаз әрі нәзік көрінеді. Ал жас беттегі жастық балғындықты сақтап қалады», —

дейді Юлия Рада.

Визажистің айтуынша, бұл макияж этностық ерекшеліктерге қарамастан барлығына жарайды: славян келбетіне де, қараторы теріге де, азиялық бет пішініне де бейімдеуге болады. Сонымен қатар оны терінің кез келген түріне икемдеуге мүмкіндік бар.

«Құрғақ теріге әдейі ылғал әрі жылтыр әсер берер едім. Аралас терінің Т-аймағының жылтырлығын ғана басып, беттің қалған бөлігін табиғи қалпында қалдырған жөн. Майлы теріге керісінше, әртүрлі пудраларды пайдаланып, макияждың мат нұсқасын жасаған қолайлы. Осылайша оның күнделікті қолдануға жарамдылығын сақтаймыз», —

деп түсіндіреді «Сон Бьюти Бар» визажисі Тата Есякова.

Қысқасы, бұл трендті меңгеретін уақыт келді. Бұл дағдының алдағы уақытта қажет болары анық. Бірақ бірден қабақ бояуының палеткасы мен түрлі түсті мультистиктерге жармаспай, алдымен «кенепті» дайындап алған жөн.

Ең бастысы — теріні дұрыс дайындау

«Макияжға теріні дайындау — жұмыстың 90 пайызының сәтті шығуының кепілі. Егер тері құрғақ немесе жеткілікті ылғалданбаған болса, пигменттер тегіс жатпай, дақ болып қалады. Өйткені жартылай мөлдір қабаттар үлкейткіш әйнек секілді: терінің әрбір қабыршағы мен тесігін айқындап көрсетеді», —

дейді «Сон Бьюти Бар» визажисі Виталия Щербакова.

Щербакова күтімнен бастауды ұсынады: алдымен гиалурон қышқылы бар сарысу жағып, бірнеше минуттан кейін ылғалдандырғыш крем қолдану керек. Тері нәрленген әрі сәл жабысқақ күйге келуі тиіс — дәл осы қабат пигменттің теріге жақсы «жабысып» тұруына көмектеседі.

Тон ретінде Виталия жеңіл жабын беретін құралды таңдауға кеңес береді. Мысалы, BB-кремді қолдануға болады. Ал барынша мөлдір әсер қажет болса, оған бірнеше тамшы сарысу немесе сұйық хайлайтер қосқан дұрыс. Сонда құрал теріге еріп сіңіп кетеді.

Тонды дымқыл спонжбен жаққан жөн: құрғақ спонж мөлдірлікті жұтып, бетке маска кигендей әсер қалдыруы мүмкін. Қызару мен дақтарды тонның үстінен емес, негізгі жабынды жағудан бұрын консилермен нүктелі түрде жасырған дұрыс.

Айтпақшы, түзету жұмыстарын праймердің көмегімен де жасауға болады. Қызаруды бейтараптандыру үшін жасылдау реңкті, ал теріге жарық әрі мөлдір әсер беру үшін жылтыр бөлшектері бар праймерлерді таңдауға болады.

Контурингті де дәл осы кезеңде жасауға мүмкіндік бар. Әрине, ол да акварельді стильде орындалуы керек.

«Бетті мүсіндеуді жарқыраған негіз жағу кезеңінде-ақ бастауға болады. Бірақ оны бүкіл бетке емес, шығыңқы тұстарына ғана жағу керек, одан кейін кремді немесе сұйық контуринг құралын қолдануға болады. Сұйық нұсқаға басымдық берген жөн. Оны да жақсылап жайып, соңынан фиксатор-спрей себу керек. Ал ең соңында құрғақ өнімді өте аз мөлшерде, барынша нәзік етіп қосуға болады. Әйтпесе макияждың мөлдірлігін жоғалтып алу қаупі жоғары», —

дейді Юлия Рада.

Сұйық және кремді текстураларға басымдық бер

Акварельді макияж жасауды үйренеміз. Бұл жазғы тренд бізбен бірге күзге де өтеді
Instagram: @gigihadid

Жалпы, акварельді макияж жасауда сұйық және кремді текстуралар — сенің ең жақсы көмекшілерің.

«Тинттер, флюидтер, бальзамдар теріге еріп, дәл сол мөлдір, жеңіл перде секілді әсер береді, көзге тек кремді, сатинді немесе матты бояуларды қолданған жөн, жылтыр бөлшектері болмасын. Шиммер мөлдірлік иллюзиясын бұзады. Ерінге қолданған тинтті қабаққа да жағуға болады — сонда бүкіл образ тұтас көрінеді», —

дейді Виталия Щербакова.

Ерінге қажетті әсер беру үшін визажист сұйық тинттің бір тамшысын гиалурон қышқылы бар сарысумен араластырып қолданғанды ұнатады. Май қосуға болмайды. Нәтижесінде жартылай мөлдір акварельді реңк пайда болады. Оны саусақпен жайып, «сүйгеннен кейінгі» әсерге жеткізуге болады.

Виталия Щербакова аулақ болуға кеңес беретін өнімдер де бар: матты далаптар мен тығыз матты стиктер. Олар «пластилин тәрізді» анық шекара қалыптастырады. Сондай-ақ құрғақ ықшам қабақ бояулары да қолайсыз: олар ұнтақталып, реңктердің бір-біріне үйлесуіне кедергі келтіреді. Тығыз тон теріні толық жауып тастайды, ал пудралы текстуралар теріге еріп сіңбейді, оның үстіне қабат болып жатады.

Қандай құралдар қажет?

Акварельді макияж жасауды үйренеміз. Бұл жазғы тренд бізбен бірге күзге де өтеді
Instagram: @cgonzalezbeauty

Тата Есякова спонж қолдануға кеңес береді.

«Спонжбен өнімді теріге мінсіз жағуға жасауға болады. Бір реңктің ішінде градиент немесе түстердің бір-біріне ауысуын жасағың келсе де, нәтиже өте жұмсақ әрі табиғи көрінеді»,

— дейді визажист.

Ал көзге жылтыр текстуралар қолданылған жағдайда ол саусақпен жағуды жөн көреді. Себебі қолдың жылуы жылтыр өнімдерді өте жұқа қабатпен жағуға мүмкіндік береді. Құрғақ текстуралар мен жаймалау үшін қылқаламдарды пайдаланған дұрыс.

Ал Юлия Рада саусақпен жағуға аса сақтықпен қарайды.

«Дәл осы макияж түрінде мен өнімді саусақпен жағуға кеңес бермес едім. Дақ қалдырып алу қаупі бар. Ерекше жағдай — көз макияжы. Бірақ мұнда да кейде өнімді жақсылап жайып шығу қиын», —

дейді ол.

Юлияның сүйікті құралы — үлпілдек, тығыз емес қылқаламдар. Оның айтуынша, олар өнімді мөлдір етіп жағуға және қажетті әсерге жеткенше жақсылап жаймалауға өте қолайлы. Ал бір жерде өнімді шамадан тыс жағып қойсаң, дымқыл спонжбен сол аймақты жеңіл басып өтуге болады: ол артық өнімді өзіне жинап алады.

Қай реңктерді таңдаған дұрыс?

Акварельді макияж жасауды үйренеміз. Бұл жазғы тренд бізбен бірге күзге де өтеді
Instagram: @cgonzalezbeauty

Жалпы, кез келген реңкті қолдануға болады. Дегенмен кейбір түстермен жұмыс істеу оңайырақ болса, кейбірі көбірек тәжірибе мен шеберлікті талап етеді.

Пастельді, бәсең реңктер ешқандай қосымша әрекетсіз-ақ акварельді әсер береді. Ал қанық түстермен жұмыс істегенде бірнеше қосымша қадам қажет болуы мүмкін.

«Егер сенде тым қанық, көзге бірден түсетін бет бояйтын өнім болса, оған аздап консилер қосып араластыр. Содан кейін сәл сұйылтылған реңкті жақ. Осылайша акварельді әсерге жету әлдеқайда оңай», —

дейді Юлия өзінің лайфхагымен бөлісіп.

Тата Есякова болса аджастерлер, пигменттер, текстураны өзгертетін арнайы құралдар және басқа да көмекші өнімдердің бар екенін еске салады. Олардың көмегімен косметикалық өнімнің реңкі мен консистенциясын өзгертуге болады: оны сұйықтау немесе қоюлау, ашықтау немесе қанығырақ етуге мүмкіндік бар.

Енді шығармашылыққа ерік бер

Акварельді макияж жасауды үйренеміз. Бұл жазғы тренд бізбен бірге күзге де өтеді
Instagram: @chanelofficial

Барлық қажетті құралды дайындап алған соң, шабытқа ерік беріп, тәжірибе жасауға болады.

«Мұндағы жалғыз ереже — акварель әсері анық байқалуы керек, макияж жеңіл әрі бұлыңғыр көрінуі, әр түс бір-біріне табиғи түрде ұласуы маңызды», —

дейді «Сон Бьюти Бар» визажисі Катя Кузина.

Қызаруға арналған макияжда жеңіл градиент жасаған жөн. Қаласаң, бірнеше реңкті қатар қолдануға болады. Ал теріге дымқыл әсер беру үшін аздап жылтыр қосуға мүмкіндік бар.

Көзде де принцип дәл сондай. Бірақ мұнда реңктермен ғана емес, әртүрлі түстермен де еркін ойнауға болады.

Ерінге келгенде — бәрі талғамға байланысты

«Ерінге қатыстының бәрі адамның талғамына байланысты, контурды анық сызықсыз, сүйгеннен кейінгі әсердегідей етіп жайып, тек түсті қалдыруға болады. Немесе керісінше, контурды аздап белгілеп алып, оның үстінен түспен жұмыс істеуге болады. Мұнда әмбебап ереже жоқ. Біреуге еріннің толықтай жайылғаны ыңғайлы, ал енді біреуге контурдың болғаны маңызды», —

дейді Юлия Рада.

Акварельді макияжда қандай қателіктерден сақ болған жөн?

Акварельді макияж жасауды үйренеміз. Бұл жазғы тренд бізбен бірге күзге де өтеді
Instagram: @kendalljenner

Шығармашылыққа толы бұл процестің де өз қателері бар. Ең бастысы — өнімді шамадан тыс көп қолдану. Бұл мәселеде Юлия Рада да, «Сон Бьюти Бар» визажисі Аня Макарова да бір пікірде.

Аня бірден тым көп, бір-біріне мүлде ұқсамайтын түстерді қолдануға да кеңес бермейді.

«Мұндай жағдайда реңктер араласып кетіп, макияж лас көрінуі мүмкін. Түсті біртіндеп қабаттап жағып, шекараларын жақсылап жаймалау керек. Сонда реңктердің ауысуы біркелкі болады. Бірден тым қанық түстен бастаудың қажеті жоқ — қанықтықты біртіндеп арттырған дұрыс», —

дейді визажист.

Өнімді шамадан тыс жағу, оны дұрыс жаймау немесе түстерді сәтсіз таңдау макияждың әп-сәтте үлкен түрлі-түсті даққа айналуына әкелуі мүмкін. Сондықтан асықпай, түсті біртіндеп қосқан маңызды.

Қате құрал таңдау да макияждың нәтижесін бұзуы мүмкін.

«Егер өнімді тығыз қылқаламмен немесе саусақпен жағатын болсаң, дақ қалуы мүмкін: кей жерде жеткілікті жайылмай қалады, кейде керісінше, көп мөлшерде жағылып кетеді. Әсіресе бұл қызаруға қатысты. Оны тым көп қолдансаң, бет құрылымының айқын белгілерін — бет сүйегін, мұрынды, бет сопақшасын — жоғалтып алуың мүмкін. Барлығы бұлыңғыр әрі түсініксіз болып қалады»,

— деп ескертеді Юлия Рада.

Сондықтан өз бетіңнің пропорциясы мен құрылымын ескерген жөн. Сен үшін маңызды белгілер — қабақтың тереңдігі, бет сүйектері, қас — бәрібір анық көрінуі керек. Оларды түстің астында толықтай «ерітіп» жіберудің қажеті жоқ.

Акварельді макияж қанша уақытқа шыдайды?

Акварельді макияж жасауды үйренеміз. Бұл жазғы тренд бізбен бірге күзге де өтеді
Instagram: @hoskelsa

Мұндай нәзік әрі құбылмалы бет бояуының сен қалағаннан ертерек «жуылып кету» қаупі де бар.

«Теріні жақсы дайындап, дұрыс өнімдерді пайдаланып, макияжды соңында бекітіп қойсаң, акварельді макияж күні бойы еш қиындықсыз сақталады», —

дейді Аня Макарова.

Дегенмен оның айтуынша, макияждың тұрақтылығы терінің түрі мен ауа райына байланысты. Дала ыстық болса немесе тері майлы болса, кейбір аймақтардағы түс аздап жоғалуы немесе макияж жағылып кетуі мүмкін.

«Сондықтан өзіңмен бірге шағын түзету құралы болғаны дұрыс. Бірақ мұндай макияжды қайта-қайта түзетіп отыру, әдетте, қажет емес», —

дейді визажист.

Фото: Instagram, Courtesy of Ralph Lauren

Дереккөз: The Blueprint

Cookie Image Использование файлов cookie

Мы используем куки для улучшения работы сайта. Узнать больше