5 қазан күні өткен концерт алдында Димаш бала кезден бері армандаған сахнада өнер көрсететінін айтып, толқығанын жасырмады. Бұл аренада кезінде бокс аңыздары Мұхаммед Әли мен Майк Тайсон, сондай-ақ Майкл Джексон, Уитни Хьюстон, Селин Дион және Андреа Бочелли сынды әлем жұлдыздары өнер көрсеткен.
«Соңғы жылдары өмірімде көптеген маңызды оқиғалар болды, әлемнің түкпір-түкпірінде үлкен концерттер мен қойылымдар өткіздім. Бірақ дәл осы жерде басқа бір ерекше тарих басталғалы тұр», –
деді Димаш шоу алдында.
Концерт «Golden» шығармасымен басталды. Кейін ол ағылшын тіліндегі Smoke, итальян тіліндегі Olimpico және қытай тіліндегі Battle of Memory әндерін орындады.
Алғаш рет тыңдармандар Димаштың жаңа Love’s not over yet әнін тыңдады. Бұл туындыны оған фортепианода екі мәрте «Грэмми» жүлдесінің иегері Уолтер Афанасьев сүйемелдеді. Композитор Димашпен бір сахнада өнер көрсету бақыты бұйырғанына қуанышты екенін айтты.
Сол кеште тағы да бірқатар танымал әндер орындалды: «Любовь уставших лебедей», «SOS D’un Terrien En Détresse», «Ұмытылмас күн», «Give Me Your Love», «Be With Me», «Living For The Game», «When I’ve Got You», «Weekend», «Махаббат бер маған» және басқа туындылар.
«Қазақтың мақтанышы, жасай бер, тек Алға!», «Концерт әдеттегідей жоғары деңгейде өткен», «Өнеріңе рақмет! Аман бол! Алдағы Мексикадағы екі концерт сәтті өтетініне сенеміз!», «Көзіме жас келе береді қуаныштан», – деп жазды жанкүйерлер әлеуметтік желіде.
Сол түні Нью-Йорктің әйгілі аренасында қазақтың ұлттық аспаптары — домбыра, сыбызғы және қобыз үні де шырқалды. Димаш Темірлан Олжабай және Ернат Наурыз есімді домбырашылармен бірге Құрманғазының «Адай» күйін орындады.
Сондай-ақ ол жаңа «Тау ішінде» әнін және туған жерге арналған жаңа авторлық «Самғау» атты композициясын орындады.
Үш сағатқа созылған «Stranger» шоуы «Дүрдараз» туындысымен аяқталды. Көрермендермен қоштасқан Димаш 8 қазанда Мексикада өтетін кешіне шақырды.
Фото: Instagram