«Альбомдағы барлық әндерімнің мағынасы бір – ештеңеге қарамастан алға жылжу»: Yenlik дебюттік үнтаспасын жарыққа шығарды

Заманауи қазақ музыкасына қызығушылық танытатын әр жан Yenlik-ті жақсы біледі. Себебі оның ерекше орындау мәнері, айрықша дауыс бояуы мен өзгеше бейнесі ешкімге ұқсамайды. Қазақ эстрадасына тың серпін әкелген әнші өз тыңдарманын қалыптастырып үлгерді.

от Арайлым Ақан
Опубликовано: 26 сентября 2025, 14:11
Yenlik альбом
Фотограф: Аглесия Мамбеталина

26 қыркүйекте Yenlik дебюттік альбомының тұсауын кесті. Осы маңызды күн қарсаңында біз әртіспен тілдестік.

ELLE: Еңлік, дебюттік «Bipl» атты үнтаспаң жарыққа шықпас бұрын, альбомдағы «Meili» туындысының тұсауы кесілді. Қаралым саны Instagram парақшаңда 3 миллионнан асты. Мұндай кері байланыс күттің бе? Шетелдік блогерлер мен музыкалық парақшалар жариялап жатқанда қандай сезімде болдың?

Yenlik: Бұлай болады деп ойламадым, себебі сөздері тыңдауға ауыр болмай ма екен деген ойлар болды. Сонда да халық түсініп, өз көзқарастарымен әнді талдап жатқаны қуантады. Шетелдіктерге ұнағанына қатты қуандық. Себебі ән жазуды бастағандағы басты мақсатымыз – әлемге қазақ тілін таныту еді.

Ән жазуды бастағандағы басты мақсатымыз – әлемге қазақ тілін таныту еді.

ELLE: «Meili» композициясы не жайлы? Неге бірінші дәл осы туынды жарыққа шықты?

Yenlik: «Meili» адамның бойында болатын, кейде байқамасақ та өзімізден табылатын жүрек дерті жайлы. Өмірде сондай қасиеттерің басым болып кетуі мүмкін немесе мұндай қырлары бар адамдар сенің айналаңды қоршап алады. Соған қарамастан ештеңе етпейді, бас аман болса, бәрін түзеуге, кешіруге болады деген ой бұл әнде.

«Альбомдағы барлық әндерімнің мағынасы бір – ештеңеге қарамастан алға жылжу»: Yenlik дебюттік үнтаспасын жарыққа шығарды
Фотограф: Аглесия Мамбеталина

ELLE: Альбомға кірген 11 тректің бір-бірімен байланысы бар ма? Жалпы, үнтаспамен тыңдарманыңа не жеткізгің келді?

Yenlik: Альбомдағы барлық әндерімнің мағынасы бір – ол ештеңеге қарамастан алға жылжу. Өкпе-реніштен үнемі арылып отыру, өз ішкі күйіңді тазалау. Алайда, тыңдарман бәрібір әр әнді өзінше түсінуі мүмкін. Соның өзі қызық емес пе?!

ELLE: Бұл әнжинақтан Darkhan Juzz-бен жазылған әніңді байқадық. Трек қашан жазылды және не туралы?

Yenlik: Бұл ән марқұм Дархан ағаның өмірден өтпей тұрған кезінде, 2022 жылдың қараша айында жазылған болатын. Сол кезде «қызық бірнәрсе жазып көрейік» деп, «Эверестті» жазған едік. Бір-бірімізге демкаларды көрсетіп, осы туындыны таңдадық. Ол кісі де әндерімен үлкен қолдау береді ғой, сол үшін тақырыбын да тез таңдадық. Сөйтіп, «Эверестке» өзінің басқа әніне жазылған мәтінін және өтірік сөздер мен әуенін жазып кеткен болатын. Асықпай, көктемде жарыққа шығарсақ дұрыс болатын шығар деп қалдырып қойғанбыз. Дауысын, бәрін жазып алғанбыз. Альбомды құрастырып жатқанда осы әнді қосқымыз келді, Дархан ағаның қазақ музыкасына қосқан орасан зор үлесіне деген құрметпен, оның дауысын сағынған тыңдармандарына жеткізіп, жарыққа шығуы керек деген ниет болды.

ELLE: Жалпы альбом қанша уақытта жазылды? Және қанша адам атсалысты?

Yenlik: Альбомды 1,5 жылда жазып шықтық. Оның ішінде 2 жыл бұрын жазылған әндер де бар. Бұл үнтаспаның жазылуына жақындарымның бәрі атсалысты. Солардың қолдауымен жарыққа шықты десем болады. Әсіресе саунд-продюсерімнің еңбегін ерекше атап өткім келеді. Кейде эмоциялық шаршау кезінде маған уақыт беріп, ешқандай дедлайн қоймай, тек шынайы әндер шықсын деп түрлі идея ұсынып, қолдауын аямағаны үшін алғысымды білдіремін. Сонымен қатар осы альбомды жазуда және жалпы шығармашылығымда қолдауын, жылы сөзін, еркін шығармашылық кеңістік сыйлай білген жолдасыма ризашылығымды айтқым келеді.

Еркін шығармашылық кеңістік сыйлай білген жолдасыма ризашылығымды айтқым келеді.

ELLE: Алғашқы үнтаспаң болғандықтан қобалжу болды ма? Ішкі сезіміңмен бөліссең?

Yenlik: Әрине, қобалжу болды. Бірақ соған қарамастан жазып бітіргеніме қуанамын. Арқамнан бір жүк түскендей күйдемін. Ары қарай альбомның да, әндерімнің де тағдыры тыңдармандарымның қолында.


Фотограф: Аглесия Мамбеталина

Cookie Image Использование файлов cookie

Мы используем куки для улучшения работы сайта. Узнать больше