Оның сахнада айтқан қазақша сөздері әлеуметтік желілерде кеңінен тарап, желі қолданушылары арасында қызу талқыланды.
Концерт барысында әнші көрермендермен қазақ тілінде амандасты.
«Сәлем, Алматы! Менің атым INNA. Мен сені сүйемін. Рақмет!»,
– деді.
Залдағы тыңдармандар бұл сөздерді зор қошеметпен қабылдап, әншіге қолдау көрсетті. Әлеуметтік желі қолданушылары оның қазақша сөздерді анық әрі сенімді айтқанын ерекше атап өтті.
Көптеген пікірлерде бұл әрекет Қазақстанға, қазақ тіліне және жергілікті көрерменге деген құрметтің белгісі екені айтылды. Кейбір желі қолданушылары INNA-ның бірнеше тілді еркін меңгеретінін еске салып, жаңа тілдегі сөздерді тез үйрене алатынын жазған.
Алайда бұл жағдайға сын көзбен қарағандар да кездесті. Олардың пікірінше, әнші бар болғаны бірнеше сөз ғана айтқан, сондықтан мұны ерекше жаңалық ретінде қабылдаудың қажеті жоқ.
Сонымен қатар, әлеуметтік желілерде концерт ұйымдастырушыларына қатысты да пікірлер жазылды. Кейбір қолданушылар Қазақстанға келетін өзге шетелдік әртістерге де қазақ тіліндегі қарапайым амандасу және алғыс айту сөздерін алдын ала үйретуге болатынын айтты.
Желіде әзіл аралас пікірлер де жарияланды. Соның бірі: «Тіпті INNA қазақша сөйлеп кетті, ал сен әлі бастамадың», – деп жазған.
Жалпы алғанда, көпшілік әншінің бұл қадамын оң бағалап, оның мемлекеттік тілге құрмет көрсетуі қазақстандық көрерменге деген ықыласының көрінісі екенін атап өтті.
Фото: Instagram