«КешYOU» тобының 20 жылдық мерейтойлық концерті қарсаңында Баян Алагөзова өзінің компаниясының YouTube арнасында топ тарихына арналған деректі фильм жариялады.
Фильмнің үшінші бөлімінде продюсер мерейтойлық концертке қатысудан бас тартқан Мөлдір Әуелбековаға қатысты өткір сын айтты.
Өткенді еске алған Алагөзова Әуелбекова топтан кеткеннен кейін өзінен кешірім сұрап келгенін айтты.
«Мөлдір даулы түрде топтан кеткеннен кейін маған хабарласып, кездескісі келетінін айтты. Мен келістім. Ол қатты арықтап кеткен, жүзінен мұң байқалып тұрды. “Шығармашылықта да, жеке өмірімде де жолым болмай жүр. Мені жеке әнші ретінде алыңыз” деді. Мен оған: “Мөлдір, сені жеке жобаға ала алмаймын, тек топқа қайта қоса аламын” деп жауап бердім», –
деді Баян Алагөзова.
Продюсердің айтуынша, топқа қайта оралғаннан кейін Әуелбекова концерттерге кедергі келтіре бастаған.
«Кейін ол өзін жайсыз сезінгендей болып, түрлі сылтау айта бастады. Бірде Баянауылға барғанымызда қан қысымы көтерілді деді. Жедел жәрдем келіп тексергенде ешқандай мәселе жоқ екенін айтты. Кейін сахнаға шықпау үшін аяғын ауыртып алғандай болды. Ол топқа оралғанымен, өзін “мен тек жеке әншімін, мен — жұлдызбын” деген ұстанымда ұстады. Қыздар маған: “Сіз барда ақсап жүреді, ал сіз жоқта емін-еркін жүре береді” деп видео да көрсеткен. Адам бойында осынша екіжүзділік бола ма?! Осыдан кейін мен: “Мөлдір, біз қоштасамыз. Мен мұндай әншімен жұмыс істей алмаймын” дедім», –
деді продюсер.
Алагөзова Әуелбекованы «ұстазына бес жыл бойы сыртынан опасыздық жасап, бетіне күлімсіреп жүрген талантты актриса» деп атады. Мұнда ол Бағым Мұхитденова туралы айтып отыр.
«Оның үйінде тұрды, дастарқанынан дәм татты. Бірақ сол жылдары сыртынан сатқындық жасады. Кейін кешірім сұрап келгенде мен: “Маған емес, Бағым Мақсатқызынан кешірім сұра” дедім. Ол барып кешірім сұрады. Бағым Мақсатқызы да біраз уақыт сөйлесіп жүрді, бәлкім кешірген де шығар. Бірақ менің білуімше, ол жан жарасы әлі күнге дейін қалған. Қазір де ем алып жүр», –
деді Алагөзова.
Продюсердің сөзінше, Әуелбекованың концертке қатысудан біржақты түрде бас тартуы өзіне қатты тиген.
«Маған тіпті хабарлама да жазған жоқ. “Ұстазым” деп үнемі айтып жүреді. Бірақ кейін бүкіл елге концертке қатыспайтынын жариялады», –
деді ол.
Алагөзованың айтуынша, Әуелбекова деректі фильмнің алғашқы бөлімдерінде Жанар Дұғалова «КешYOU»-дың басты солисі ретінде ерекше аталғанына ренжіген болуы мүмкін.
Сондай-ақ продюсердің сөзінше, бұл мәселеге байланысты оған Мейрамбек Беспаев хабарласқан.
«Ол: “Мөлдір – менің қарындасым” деді. Мен: “Маған одан ештеңе керек емес, тек келіп, өз жұмысын атқарса болды” дедім. Себебі ол барлық процесс басталып, кемінде 200 мың доллар жұмсалған кезде орта жолда кетіп қалды», –
деді Алагөзова.
Продюсердің айтуынша, Әуелбекова кейін дайындыққа келуге келіскенімен, әдеттегідей кешіккен. Сонымен қатар ол деректі фильмге түсуден бас тартып, үнсіз кетіп қалған.
«Бұл – оның тіпті Мейрамбектің сөзін де тыңдамағанының тағы бір дәлелі», –
деді Алагөзова.
Сөз соңында продюсер «Паразиттер» фильмін көрген кезде Мөлдір Әуелбекованы есіне алғанын айтты.
Еске салайық, сәуір айының соңында «КешYOU» тобының бұрынғы мүшесі Мөлдір Әуелбекова топтың мерейтойлық концертіне қатыспайтынын мәлімдеген еді.
Бұған Баян Алагөзова жауап беріп, әншінің концерттен біржақты бас тартқанына наразы болған.
Фото: Instagram