Алматыда Абай алаңында бас қалалық шыршаны жағу рәсімі өтті. Оның биіктігі — 20 метр. 

Салтанатты іс-шара қазақстандық эстрада жұлдыздары Роза Рымбаева, Мадина Сәдуақасова, Әли Оқапов, Мәди Рымбаев, «Жігіттер», «КешYOU», «Ринго», «Шамис» топтары өнер көрсеткен концерттік бағдарламамен жалғасты.

Әкімдік хабарлағандай, Алматы Жаңа 2024 жыл қарсаңында жүздеген жарық декоративті конструкциялармен, километрлік жарқыраған гирляндтармен, 60-тан астам жасанды шыршалармен, жарық иллюминацияларымен безендірілген.

Жаңа жылдық шыршалар әр ауданның негізгі алаңдарында орнатылған:

  • Алмалы ауданы — «Астана» алаңында және Абай атындағы ҚазҰТЗУ алдындағы алаңда.
  • Алатау ауданы — «Алматы Арена» алдындағы алаңда.
  • Әуезов ауданы — Н.Сац атындағы ТЮЗ алдындағы алаңда.
  • Бостандық ауданы — Тұңғыш Президент атындағы саябақта және Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында.
  • Жетісу ауданы — Серіков көшесі, 2А.
  • Медеу ауданы — «Халық Арена» және «Медеу» БК алдындағы алаңда.
  • Түрксіб ауданы — Сейфуллин даңғылы бойындағы № 6 оқушылар үйі.
  • Наурызбай ауданы — Шұғыла шағынауданы, 347.

Сондай-ақ, қаланың қоғамдық кеңістігі, Панфилов, Жібек жолы жаяу жүргіншілер көшелері, Сәтбаев көшесі, Төле би көшесі, Майлин көшесі, Назарбаев даңғылы, Әл-Фараби даңғылы, Абылай хан даңғылы және т.б. магистральдық көшелер жарық композициялардың бірыңғай стилінде безендірілген.

31 Желтоқсанда Жаңа жыл қарсаңында «Астана» алаңында қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерт өткізу жоспарлануда, оның соңында мерекелік отшашу іске қосылады.

Сонымен қатар, мегаполистің тұрғындары мен қонақтары үшін қаланың барлық аудандарын қамтитын жаңа жылдық фестиваль ұйымдастырылады. Фестиваль бағдарламасында халық караоке, би флешмобы, байқаулар, спектакльдер, эстрада жұлдыздарының қатысуымен жанды музыка, хаскимен фотосессиялар, шеберлік сыныптары мен көрмелер, қалалық мейрамханалар мен кафелермен гастрокорнерлер (21-31 желтоқсан аралығында Абай атындағы алаңда және «Астана» алаңында сағат 16:00-ден 21:00-ге дейін, 27-31 желтоқсан аралығында әр ауданның негізгі алаңдарында 16:00-ден 21:00-ге дейін) және 25 желтоқсанда Аяз Ата шеруі өтеді.


Ақпарат көзі: KazInform

Поделиться: