Рамазан ораза

Pexels: Ahmed Aqtai

Қасиетті Ораза айы келді және онымен бірге қазақ тілінде діни терминдерді дұрыс қолдану туралы мәселе тағы да туындайды.

А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының лексикология бөлімінің басшысы Айгүл Әмірбекова күнделікті сөйлеуде қандай сөздерді қолданған жөн екенін айтты.

Ораза ұстау – исламның бес парызының бірі. Аударма бойынша «ораза» сөзі «тыйылу», «ауыз бекіту» дегенді білдіреді.

Рамазан – мұсылман ай күнтізбесінің тоғызыншы айының атауы, араб тілінен алынған діни термин. Қазақ тілінде бұл айды «ораза айы» деп атайды.

Айгүл Әмірбекова «Рамазан» сөзі әдеби норма емес екенін және қазақ тілінде тек ауызекі түрде бекітілгенін түсіндіреді. Қазақ тіліне сәйкес «ораза айы», «қасиетті ай», «қасиетті ораза айы» деген тіркестерді қолданған жөн.

Қазақтарда таңғы ас, яғни таңертең ораза ұстаушылардың ішетін тамағы «сәресі» деп аталады, ал кешкі ас – «ауызашар». Ал «ифтар» сөзі ауызашар сөзінің араб тілінен енген кірме атауы.

«Тілімізде төл атауы бола тұрса да, өзге тілдегі балама атаумен айту бұл бара-бара сөйлеу тіліне айналатынын түсініңіздер. Ал, сөйлеу тілінде тілдесетін адамдардың деңгейі әдеби тілде сөйлейтін адамдардан төмен. Яғни, тілдік қолданысында кірме сөздерді жиі қолданатын адамның тілі әдеби болмайды»,

деп атап өтті Әмірбекова.

Ғалымның пайымдауынша, жастар еліктеп, діни терминдерді көбірек қолданады.

«Ата-бабаларымыз қазіргі кірме діни атаулар: ифтар, сухур, магриб, рамадан сөздерін қолданбай-ақ бес парызын орындады. Бұл — еліктеушілік. Аллаға құлшылық еткенін дәлелдей түсемін деп санаушылық. Дін қазаққа кеше ғана енген жоқ қой. Бұрыннан бар құбылыс. Сондықтан кірме діни атауларды қолданып, қазақ тілінің әдеби қалпын бұзғаннан пайда жоқ. Керісінше мұсылман дінін қазақша насихаттау әлдеқайда тиімдірек»,

деді Айгүл Әмірбекова.

Тіл білімі институтының Тіл тарихы және түркология бөлімінің ғылыми қызметкері Асау Қайрат қазақ тілінің негізгі сөздік қоры түркі сөздері екенін алға тартты. Оның сөзінше, араб және парсы тілдеріндегі сөздер қазақ тіліне X–XII ғасырларда исламның таралуымен енген. Дегенмен, бүгінгі күні олар тіліміздің сөздік қорының тек 15%-ын құрайды.

«Қазақша мен арабша баламаларының жарыспалы қолданысы ауызекі тілде тарихи құбылыс екенін білеміз. Дей тұрғанмен нақты бір жаққа шығу — болашақта өзіміздің шатаспауымыз үшін жақсы. Сондықтан ифтар демей ауызашар деу, халал орнына адал, харам орынына арам деген дұрыс»,

деді Асау Қайрат.

Қазақстанның бас мүфті Наурызбай қажы Тағанұлы да діни терминдерді ана тілінде қолдануға шақырған. Қасиетті айдың басталуына дейін ол көптеген ғасырлар бойы ислам ілімдерін ұстанған ата-бабаларымыздың ана тіліндегі сөздерді үнемі қолданғанын тағы да еске салды.

«Осы ретте жастарды діни терминдерді қазақша айтуға шақырамын. Өкінішке қарай, кейбір жас буын өкілдерінің ауызашарды — ифтар, сәресін — сухур деп айтып жүргені көңілге қаяу түсіреді. Сан ғасырдан бері мұсылмандық жолды ұстанған ата-бабаларымыз ауызашар, сәресі деген сөздерді қолданған. Біз де бабалар жолын ұстанған ұрпақ ретінде өзге тілден енген діни терминдерден барынша аулақ болып, өзіміздің ата-бабамыздан қалған жақсы сөздерді қолданып, өзіміздің ана тілімізге құрмет көрсетіп, қазақша сөйлеуге тырысайық»,

деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Фото: Pexels

Дереккөз: «ҚазАқпарат» ақпараттық агенттігі

Поделиться: