Instagram: @mayabekbayeva
Опера әншісі Мария Мудряк пен тележүргізуші Майя Бекбаева Қазақстанның ізгі ниет елшісі атанғандардың қатарына қосылды — оларға қазақстандық СІМ қабырғасында төсбелгілер табысталды.
Қазақстанның ізгі ниет елшісі мәртебесін Қазақстан мен Италия театрларының опера әншісі және солисі Мария Мудряк, белгілі журналист, тележүргізуші және продюсер Майя Бекбаева, тарих ғылымдарының кандидаты және археолог Дмитрий Воякин, сондай-ақ «Qazaq Geography» басқарма басшысы, этнограф ғалым Әйгерім Мұсағаджинова алды.
Елшілерге Қазақстанның ізгі ниет Елшісінің «Qazaqstan for Peace» төсбелгілері, сертификаттар мен куәліктер табыс етілді.
«Әрбір айырмашылықты біз жақындасудың негізіне айналдырамыз. Бүгінгі күрделі, өзгермелі әлемде, менің ойымша, диалог, өзара түсіністік және дипломатия — бұл әлемге өте қажет нәрсе. Сондықтан мен үшін ізгі ниет елшісі ретінде үш негізгі құндылықты насихаттау өте маңызды. Біріншіден, бұл бейбітшілік пен диалог. Екіншіден, тұрақты даму және адам мен табиғат арасындағы үйлесімділік. Үшіншісі — мәдениетаралық келісім»,
деп атап өтті Майя Бекбаева.
«Отанымның ізгі ниет елшісі сияқты құрметті атаққа ие болу мен үшін үлкен мәртебе. Мен Қазақстанның атынан әлемдік опера сахналарына әрқашан мақтанышпен шығамын. Болашақта елімізді халықаралық деңгейде лайықты көрсетуге тырысамын деп сендіремін»,
деді Мария Мудряк.
Айта кетейік, «Қазақстанның ізгі ниет елшілері» жобасы мәдениеттер пен халықтар арасындағы диалогты дамытуға және еліміздің жетістіктерін шет елдерде кеңінен дәріптеу арқылы танымдалдылығын арттыруға бағытталған.
Фото: Instagram