Роза Рымбаева

Қазақстанның халық әртісі, Қырғызстан және Өзбекстанның еңбек сіңірген әртісі, әнші, профессор, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері Роза Рымбаева бүгін 66 жасқа толды. 

Аты аңызға айналған Роза Қуанышқызы саналы өмірін өнерге, әнге және қазақ музыкасына арнады. 1976-1979 жылдары республикалық «Гүлдер» эстрадалық ансамблінің солисі, 1979 жылы «Қазақконцерт» бірлестігі жанындағы «Арай» эстрадалық ансамблінің солисі болып сахнаға шықты. «Парасат» орденімен марапатталған. «Эстрада жұлдызы» номинацисында «Жыл адамы» (2000) атанған. Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының, «Өмірді әнмен өрнектеп» телевизиялық жобасының, Бүкілодақтық жас орындаушылар конкурсының лауреаты. «Алтын Орфей», «Сопот-77», «Алтын микрофон» байқауларының гран-при иегері.

Instagram: rozarymbaeva

Роза Рымбаева 1977 жылы Болгариядағы «Алтын Орфей» фестивалінде Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұловаға арналған «Әлия» әнін шырқаған соң ерекше танымал болды.

Роза Қуанышқызы 22 жасында Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, 29 жасында Қазақстанның халық әртісі атанды.

1977-1979 жылдары «Песня года» фестивалінде ән шырқап, КСРО-ның «Звуковая дорожка» хит-парадында үздіктердің қатарынан көрінді.

2005 жылы Мәскеуде Эстрада жұлдыздары алаңында жұлдызы ашылды.

Әншінің орындауындағы Т. Ерешевтің «Гүлдене бер, туған жер», Нұрғиса Тілендиевтің «Куә бол», Б. Байқадамовтың «Айгөлек», Ж. Тұяқбаевтың «Атамекен», Т. Сарыбаевтың «Отандастар» әнін тыңдарман қауым жақсы көреді.

Роза Рымбаеваның халық әндерін нақышына келтіріп орындайтынын да білеміз. Олардың ішінде «Бір бала», «Сәулем-ай», «Кебек», «Назқоңыр», «Әгугай» және тағы басқа туындылар Роза ханымның орындауында жақсы таныс .

Әнші халық арасында киноактриса ретінде де танымал. Ол «До свидания, Медео» фильмінде басты рөлді сомдады, «Первая песня» және «Женский взгляд» картиналарында бой көрсетті. «Роза Рымбаева «Роза», «Хвост кометы», «Роза Рымбаева», «И снова здравствуйте!» деректі фильмдеріне түсті.

Халық сүйіктісі Роза Қуанышқызы фонограммамен ән айтпайды

Қазақстанның халық әртісі өзіне әрқашан жоғары талап қоя білген және сахнаға дайындықсыз шықпаған.

Өз сұхбаттарының бірінде Роза ханым былай деді: «Мен сахнаға ешқашан дайындықсыз шықпаймын, ешқашан фонограммамен ән айтпаймын. Сондай-ақ, сахнаға шығардың алдында ең бірінші дұрыс микрофон, музыкалық аппарат, жарықтың дұрыс қойылуын, сахнаның таза болуын талап етемін. Бұған қатты мән беремін».

Роза Қуанышқызының отбасы

Instagram: rozarymbaeva

Роза Рымбаева 1979 жылы дирижер, композитор Тасқын Оқаповқа тұрмысқа шығып, Әли және Мәди есімді екі ұл дүниеге әкелді. 1999 жылы күйеуі өмірден өтті.

«Мен шығармашылық үшін жеке өмірімді құрбан еттім. Менің осындай деңгейге көтерілуіме жолдасым Тасқын Оқапов үлкен еңбек сіңірді. Соның арқасында Халық әртісі деген атақ алдым. Күйеуімді сағынамын»,

деп айтты Роза ханым берген сұхбаттарының бірінде.

Роза Қуанышқызы — нағыз аңыз адам! Жеткен жетістіктері мен атақ-дәрежелері жайлы ұзақ жазса болады. Барлығы әншінің жан-жақты дарындылығы мен кәсіби біліктілігінің көрінісі.

Роза ханым, туған күніңізбен құттықтаймыз! Сізге денсаулық, шығармашылық табыс, қуаныш пен бақыт тілейміз! Өнеріңіз халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталсын.


Фото: Instagram

Поделиться: