Ерке Есмахан Instagram-да «сұрақ-жауап» айдарын өткізіп, бала армандары, мінезі туралы айтты, сондай-ақ хейтерлерге де жауап берді.
Екі баланың анасы ашуланған сәттерде өзін қалай ұстайтынын айтты — Еркенің айтуынша, ол эмоцияны ішінде сақтайтын адам емес.
«Егер ол үлкен болып жиналса, ауру болуы мүмкін. Сол үшін бетке айтқанды жақсы көремін. Сол сәтте, сол жерде айтып тастаймын. Кейде жұмсақ, кейде қатты. Бірақ, ешқашан асыра сілтемеймін»,
деді әнші.
Жанкүйердің тағы бір сұрағы оның балалық арманына қатысты болды — Есмахан балерина болғысы келген.
«Кішкентай кезімде аяғымның ұшымен жүретінмін, тоқтамай. Әкеме «Балерина боламын» дедім. Онымен біз Ақтөбенің ар жағында, ауылда тұрдық. Ауылда балет мектебі жоқ болды. Одан скрипка үйренемін дедім. Ауылдағы өнер мектебінде скрипка бөлімі болмады. Домбыра мен қобыз ғана болды. Сөйтіп бесінші сыныпқа дейін домбыра үйрендім. Домбыраға қарағанда әншілігім басым екенін байқап, ары қарай колледжге вокал бөліміне түстім. Орындалмай қалған арманым болғандықтан, театр, балетке барғанды жаным сүйеді. Ал Райм мені «Балерина моя» деп еркелетеді. Мен оған үйде билеп берем»,
деп мойындады Ерке.
Сұрақтардың арасында хейтер де болды, ол әншіні «өтірік аңғал адамның бетпердесін киесің» деп айыптады. Есмахан оған көпшілік алдында күліп жауап берді.
«Өзімді аңғал деп қашан айттым? Өлсем де, аңғал бола алмаймын ғой, қақшаңдап. Бәрі біледі ғой менің жынды екенімді. Батыстың, кіші жүздің қыздарында бетперде деген жоқ. Біздер жай қылықтымыз»,
деп жауап берді әнші.