9 маусымда Абай облысының орман алқабындағы өрт фактісі бойынша ҚР ҚК 292-бабының 3-бөлігі бойынша «Екі және одан да көп адамның абайсызда өліміне әкеп соққан өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлауынша, мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қылмыстық іс арнайы прокурорлардың өндірісіне қабылданды.
«Құқық қорғау және арнайы органдардың тәжірибелі қызметкерлері қатарынан ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылды. Сонымен қатар, адамдардың қаза болуына және қоршаған ортаға елеулі зиян келтіруге әкеп соққан ауыр зардаптарды назарға ала отырып, арнайы прокурор немқұрайлық фактісі бойынша қылмыстық істі тіркеді»,
делінген хабарламада.
Оны тергеу шеңберінде жауапты лауазымды тұлғалардың іс-әрекеттеріне тиісті құқықтық баға берілетін болады.
Бұған дейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қаза тапқан орманшылардың туыстарымен кездесу кезінде дүйсенбіні Аза тұту күні деп жариялаған болатын.
Сондай-ақ, президент қаза тапқан орман шаруашылығы қызметкерлерінің отбасыларына көңіл айтты.
Фото: Unsplash
Ақпарат көзі: Zakon KZ