Хейли Бибер мен Кайли Дженнер көптен бері жақын құрбылар. Олардың өмірінде де ұқсастық көп: екеуі қатарлас, ана және танымал бьюти-брендтердің негізін қалаушылар. Тіпті образдарынан да ұқсастық табуға болады. Мысалы, екеуі де нюд макияжын жақсы көреді. Бірақ оған деген көзқарастары әртүрлі.
Кайли толық мейкап жасағанды ұнатады. Яғни ол тоналды крем жағады, көзін жарқын бояйды, кремді және құрғақ румяна қолданады, батыл контуринг, бронзер, хайлайтерден қорықпайды. Ернін ашық түсті жылтырмен немесе қып-қызыл далаппен бояп жүре береді.
Хейли керісінше минимализмді ұнатады. Ол консилерді аз мөлшерде жағады, өте жеңіл контуринг жасайды, құрғақ бояу түрлерін сирек қолданады, ал тушьті көбінесе тек қызыл кілемге шыққанда ғана пайдаланады. Кейде көзге жеңіл шиммер немесе айқын румяна жаға алады, бірақ негізінен ол нюд пен табиғилықтың жанкүйері.
Алайда, құрбылардың екеуіне де ортақ ерін бояуы бар. Қысқаша айтқанда, ол – қоңыр қарындашпен еріннің шекарасынан сәл асыра жүргізу арқылы көлем беру.
Әрине, екеуі де өз брендтерінің косметикасын қолданады — Rhode және Kylie Cosmetics. Алдымен олар ерін контурингін жасайды, яғни контурды сәл айналдыра сызып, көлеңке береді. Бұл визуалды түрде ерінді үлкейтіп, косметологтан шыққандай әсер тудырады. Кейін дәстүрлі ағаш қаптамадағы қарындашпен еріннің нақты сызығын жүргізеді. Дайын!
Егер сен де қыздардың әдісін қайталағың келсе, үш кеңесті есте сақта. Біріншіден — контурдан тым алысқа шықпа. Әдемі нюд қарындаш болса да, артық кетсең, бейнең күлкілі болып кетеді. Екіншіден — дұрыс түс таңда. Қанық қоңыр ерін шоколад жеп, аузыңды сүртпегендей етіп көрсетеді. Ал шамадан тыс ашық түсті қарындаш ерінде дақ сияқты тұрады.
Үшіншіден — ерніңе жылтыр бояу жақ немесе далап қос. Бұл макияжды толықтырады. Егер ашық түстерді ұнатпасаң, нюд немесе мөлдір түрлерін таңда. Ал егер жарқын далап қолданғың келсе, оны еріннің ортасына ғана жағып, жұмсартуға болады.
Фото: Instagram