Димаштың Олжас Байділдиновке арналған жазбасы Instagram Stories бөлімінде жарияланды.
«Біз, қазақтар, әлемнің барлық тілін құрметтейміз. Бірақ құрмет өзіңнен басталады. Өз тіліңнен ұялып, өзге біреудің мақтауын аңсаған адам сөзін емес, тамырын жоғалтады», —
деп жазды Димаш.
Ол Байділдиновті «арандатушы» деп атап, оны жұмыстан шығарады деген үмітін білдірді.
«Олжас, сен — қорқақ кішкентай бала сияқтысың. Сен қазақша білмегендіктен, қазақ тілінде жазбадым. Сені жұмыстан шығарады деп үміттенемін», —
деді әнші.
Димаштың бұл жазбасы әлеуметтік желілерде тарап кеткен Олжас Байділдиновтің видеосына жауап ретінде жарияланған болуы мүмкін. Видеода Байділдинов Қазақстанда қазақ тілінде сөйлейтіндер көбейіп, орыс тілінің қолданысы азайғанына наразылығын білдірген.
«Орыс тілі туралы мен әрдайым ресейлік әріптестеріме айтып жүремін: қазір қазақстандық телеарналарда (әрине, оны көп адам көрмейді, бірақ бәрібір) кем дегенде 60% контент қазақ тілінде болуы тиіс деген ереже бар. Әсіресе прайм-таймда, яғни кешкі 6-дан кейін эфир тек қазақ тілінде жүреді. Мектептерде орыс тілінде оқытатын сыныптар қазір 30%-дан аз, ал 70% — қазақ тілінде оқытатын сыныптар. Мүмкін, Ресей Федерациясы сияқты өз мектептерін ашу керек шығар, бірақ бұл ел ішінде қарсы реакция тудыруы мүмкін», —
деген еді Байділдинов.
Еске салайық, осыған дейін де Олжас Байділдинов Астана мен Алматыдағы автобус билеті 500 теңге болуы керек деген пікір айтып, көптің наразылығын тудырған еді.
Фото: Instagram