Нағимуша YouTube арнасында бөліскен бейнежазбасын өзіне арнап, 31 жасында қандай күйде жүргенін айтты. Алдымен бет бояуы сияқты қарапайым заттарға мән беруден бастаған.
«Мен өзіме көп бет бояйтын заттар сатып алдым. Қазірдің өзінде менің макияжым бұрынғыға мүлде ұқсамайды. Еуропалық тур менің сахнадағы өз бейнемді басқа қырынан көруге мүмкіндік берді. Кей кездері мен сахнада жарық емес дақ сияқты көрінетінімді байқадым. Ал сахна — бұл жай ғана орын емес, ол жерге адамдар арнайы саған келіп, ақша төлейді, сондықтан сен кәсіби болуың керек, әдемі көрінуің қажет. Сол кезде мен сахна кәсібилікті талап ететінін түсіндім де, түрлі визажистердің жұмыстарын зерттей бастадым. YouTube-та өзіме ұнайтын стильдер бойынша — мысалы, капучино-мейкап, браун-мейкап сияқты — бейнежазбаларды қарап үйрендім. Әр қадамның мәнін, қандай өнім қашан және қалай қолданылады, қалай бекітіледі — бәрін түсіне бастадым»,
деп бөлісті блогер.
Келесі кезекте Нағима өзінің ұмытшақтығы мен ұқыпсыздығын мойындап, басынан өткен жағдайлармен бөлісті.
«Өзімнің қаншалықты ұқыпсыз екенімді түсіндім. Түсінікті болу үшін айтайын: мен бұл жерде заттардың шашылып жатқаны туралы айтып тұрған жоқпын, мен лас адам емеспін. Ұқыпсыздық пен салақтық — екеуі екі бөлек нәрсе ғой. Мысалы, менің телефонымның артында кішкентай жабыстырғыш тұратын еді. Бір күні мен оны бір жерге жабыстырып қойдым да, кетіп қалдым. Телефонды ұмытып кетіппін. Екінші жағдай: мен өзімнің iPad-ымды жоғалттым. Бағасы — миллион үш жүз мың теңге. Оны қонақүй қызметкері тауып алып, қоймаға апарып, мұқият қорапқа салып қойған екен. Ал турдың соңғы күні не болғанын білесіздер ме? Мен өзімнің камерамды жоғалттым. Шамамен жарты миллион тұрады. Жоғалта беруімді қоямын және қолымда барды бағалаймын деп сөз беремін», —
деді Нағима.
31 жасында қолына алғані істерінің бірі — терапия. Ару бұл үлкен жаңалықтар мен терең ой қорытындылары емес, қарапайым нәрселерден тұратынын түсінген.
«Терапияны қайта жалғастырдым, және, білесіздер ме, бұл менің ең дұрыс шешімдерімнің бірі болды. Біз ең қарапайым, бірақ маңызды нәрселерден бастадық: тері күтімін жалқаулыққа салынбай жасау, хаттарға уақытылы жауап беру, күн тәртібін сақтау, ерте жатып, ерте тұру. Қазір мен қайтадан сол негізгі қағидаларға оралған кезеңдемін. Өзімді өте жақсы сезініп жүрмін. Терапевтіммен сөйлесіп, біз шамамен әр екі аптада бір рет немесе қажет болғанда сәл жиірек кездесіп тұруға келістік. Бәрін өз жағдайым мен ішкі күйіме қарай реттейміз», —
деп мәлімдеді.
Нағима осы видеоны бір жылдан көріп, өз бойындағы өзгерістерді бақылауды мақсат етіп отыр.
Фото: Instagram