Сабина Алтынбекова табысының құпиясын ашып, жетістіктерін тізбектеді

Қазақстанның ең сұлу волейболшыларының бірі Сабина Алтынбекова Instagram желісіндегі жазылушыларымен ашық сырласты. Ол жетістікке жету үшін жасөспірім шағында неден бас тартқанын айтып берді.

от Арайлым Ақан
Опубликовано: 28 января 2026, 13:14
Сабина Алтынбекова
Instagram: @altynbekova_20

Сабинаның айтуынша, 16 жасында ата-анасынан жырақта орналасқан спорттық интернатқа көшкен кезде ол саналы түрде, зиянды әдеттерсіз өмір сүруді таңдап, білім мен спортқа басымдық берген.

«Уақытымның бәрі не мектепте, не спорт залында өтетін. Құрдастарым серуендеп, көңілді уақыт өткізгенде, мен тынымсыз еңбек еттім. Мен де солар сияқты қыдырғым келді ме? Жоқ. Маған дәмді тамақ ішіп, жатақханада фильм көру жеткілікті болатын. Бөлмелестерім кір жууға немесе үйдің жайлылығын сезіну үшін туыстарына барып жүргенде, мен еш шағымданбастан өз жайлылығымды өзім жасадым. Барлық киімімді қолмен жудым (ол кезде жатақханаларда кір жуғыш машиналар жоқ еді), психология туралы кітаптар оқыдым, баскетболшыдан ноутбук сұрап алып (менде ноутбук болмады), алдын ала жүктелген фильмдерді қайта-қайта көретінмін. Ол кезде онлайн фильм көруге интернет те аса бола бермейтін», –

деп жазды ол Stories-та.

Волейболшы сол кезеңде ойында нақты қағида болғанын атап өтті: «Еңбек ет және адал бол, шүкіршілік ет».

«Менің жастық шағым осылай өтті, 24 жасқа дейін, тұрмысқа шықпай тұрып. Тұрмыс құрғаннан кейін маған Алматының әсем орындарын көрсетті. Ал түнгі клубтарға әлі күнге дейін бірде-бір рет барған емеспін және оның мәнін де көрмеймін. Бұл – уақытымды пайдалы өткізуге бағытталған саналы таңдауым. Сол таңдаудың арқасында мен қазір өз орнымдамын. Қазір туған сіңліме де үнемі: “Уақытыңды пайдалы өткіз, сонда жемісін көресің”, – деп айтып отырамын», –

деді Алтынбекова.

Сонымен қатар, ол жастарға үндеу жасап, табысының құпиясымен бөлісті.

«Қазіргі жастарға айтарым, міне – табыстың құпиясы: оқыңыздар, салауатты өмір салтын ұстаныңыздар, уақытты босқа өткізбеңіздер, ойланыңыздар, шүкір етіңіздер. Берілмеңіздер, түңілмеңіздер. Энергияңызды дұрыс бағыттасаңыздар, бәрі болады, бәрі жүзеге асады», –

деді спортшы.

Сабина, сондай-ақ, 29 жасында қол жеткізген жетістіктерін де атап өтті:

«Қорытындылай келе: 19 жасымда автосалоннан көлік сатып алдым. 20 жасымда Алматы қаласынан жеке баспаналы болдым. Ата-анама және әпке-сіңлілеріме қаржылай көмектесу, өзіме жайлы өмір сүру, саяхаттау, барлық қалауларымды орындау. Қазір де ірі сатып алулар, өзіме және жобаларыма инвестиция салу – бәрі де өз еңбегімнің арқасы. Әйел адамға қажетті барлық мұқтаждығымды өтеу», –

деп бөлісті ол.

Волейболшының айтуынша, мұның бәрі ең алдымен Алланың қалауымен, өзіне сенген ата-анасы мен әпке-сіңлілерінің, сондай-ақ «күн сайын саналы жолды таңдаған 16 жастағы қыздың» еңбегінің нәтижесі.


Фото: Instagram

Cookie Image Использование файлов cookie

Мы используем куки для улучшения работы сайта. Узнать больше