Актриса ең алдымен қамзолды іздеуге тырыспағанын түсіндірді. Оның айтуынша, қайта құру кезеңінде көптеген костюмдер жоғалып кеткен.
«Көпшіліктің оның қамзолды киіп көргеніне наразы болғанын түсінемін. Бірақ шығармашылық адамда эмоция тасып тұрады. Ол көріп: “Ой, қандай керемет! Жібектің камзолы сақталыпты!” деп қуанды. Оның үстіне, өзіне дәл келген. Бұл – оның ішкі қуанышы ғана. Негізі, ешкімді ренжіткісі келген жоқ. Дегенмен қамзолды киді. Әрине, ол оны сақтайды», —
деді Өтекешова.
Меруерт Өтекешова қамзолдың алдағы уақытта музейге тапсырылуы мүмкін екенін де атап өтті. Алайда, соңғы шешім Баян Алагөзова қабылдайтынын жеткізді.
Сондай-ақ, актриса Баян Алагөзованың ай сайынғы төлемдері туралы ақпаратқа қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, бұл мәселе әлі талқыланбаған, олар әзірге байланысқа шықпаған.
«Әзірге біз байланысқа шыққан жоқпыз, мен онымен сөйлескен жоқпын. Ол да шығармашылық адам. Өзі де актриса ретінде киноға түсті, ән айтатын қыздарды тәрбиеледі. Олардың танылуына көмектесті, фильмдер түсірді. Мен оның шығармашылығын бақылап жүрдім. Әрине, пікір әртүрлі — біреуге ұнайды, біреуге ұнамайды. Бірақ ол еңбек етті, жанын салды және әлі де жұмыс істеп жүр. Меніңше, ол меценаттар шығармашылық адамдарды ұмытпауы керек деп айтқан еді», —
деді актриса.
Бұған дейін Баян Алагөзова өзіне «Қыз Жібек» фильміндегі аңызға айналған қамзол сыйға берілгенін айтқан болатын. Бұл жаңалық әлеуметтік желілерде қызу талқыға түсті: біреулер құнды жәдігердің музейде емес, жеке адамның қолында болғанына наразылық білдірсе, енді бірі қамзолдың әсемдігіне таңданды. Алагөзованың жазбасына Мәдениет министрлігі де назар аударып, жәдігердің жеке меншікке қандай негізде өткенін тексеретінін мәлімдеді.
Актриса Меруерт Өтекешова продюсер Баян Алагөзованың иелігіндегі қамзолдың «Қыз Жібек» фильмінің түсірілімінен қалған түпнұсқа костюм екенін растады. Кейінірек Баян Алагөзова бұл мәселеге қатысты даудан соң жаңа мәлімдеме жасап, актрисаға тон сыйлайтынын және оған өмір бойғы алғыс ретінде ай сайын 1 млн теңге төлейтінін жеткізді.
Фото: Instagram