Ол Revuenews-ке берген сұқбатында қоғамда туындаған түрлі көзқарастарға жауап беріп, арам ойы болмағанын айтты.
«Мен тек өз басымнан өткен жағдайларды айтып өттім. Менің еркектерге қарсы шықсын, әйелдер мен еркектер екіге бөлінсін деген арам ниетім болған жоқ. Мұндай ойдан аулақпын», –
деді ол.
Продюсер отбасылық өмірді жарнама немесе хайп құралына айналдыруға түбегейлі қарсы екенін де атап өтті.
«Мен өмірде хайп, хейт деген нәрсені жөк көремін, тіпті шаршағанмын десем де болады. Отбасылық тақырыпты хайп ретінде касса жинасын немесе халықты дүр сілкіндірейік деген оймен жасау – үлкен қателік. Халықтың неге бұлай қабылдап жатқанын білмеймін. Мен ешкіммен жарыспаймын, әркімнің өзінің бағына, ниетіне қарай табысы түседі. Фильмім қандай касса жинаса да, мен разымын. Осындай депрессия уақытында мені одан әрі өмір сүруге жетелеген жоба. Осы сәтке сәйкес болып қалды», –
деді ол.
Мөлдір Мұқанова сұхбат алдында Тұрсынбек Қабатовпен байланыс орнатуға тырысқанын да жасырмады.
«Сұхбатқа барардың алдында Тұрсынбек мырзаға жаздым. Ол кісіден кері жауап болған жоқ. Алдынан өттім десем де болады. Ары қарай бұл дүнеиені сақтап жүру мүмкін болмады, өйткені мені талап жатыр. Бұл дүние менің басымнан ғана өтіп жатқан жоқ. Ажыраспаймын дегеннің нағыз ұранын ұстаған адам мен болармын, бірақ басқа түскен тағдырға көнеді екенсің. Барлық айтқаным рас, шындық болғандықтан, өкінетін тұстарым болған жоқ. Керісінше, айтуым керек еді деген сәттер болды. Бірақ ол да дұрыс, себебі кейбір ақпаратты балалардың білмегені де жөн», –
деді продюсер.
Айта кетсек, бұған дейін Мөлдір Мұқанова әзілкеш Тұрсынбек Қабатовпен ресми түрде ажырасқанын мәлімдеген болатын. Оның айтуынша, ерлі-зайыптылардың қарым-қатынасы 14 жыл бұрын күйеуінің сатқындығынан кейін күрделене бастаған.
Фото: Instagram