Әнмен бірге ауқымды музыкалық бейнебаян да жарық көріп, Орталық Азия шоу-бизнесіндегі ең талқыланатын релиздердің біріне айналды.
Бұл жоба бірнеше себеппен ерекше. Ең алдымен, украиналық поп-жұлдыз LOBODA шығармашылық жолында алғаш рет қазақ тілінде ән орындады. Әннің жазылу барысында Қайрат Нұртас студияда жеке қатысып, әріптесіне мәтіннің мағынасы мен қазақ тіліндегі дұрыс дыбыстауды жеткізуге көмектескен.
Sen meni küt жауапсыз махаббат тақырыбын қозғайды. Әннің сюжеттік желісі бір адамның шексіз сезімі мен екінші адамның салқын қашықтығы арасындағы эмоционалды қайшылыққа құрылған. Нәтижесінде тыңдарманға сағыныш, күту және орындалмаған үміт туралы әсерлі оқиға ұсынылады.
Соңғы жылдары LOBODA мен Қазақстан арасындағы байланыс ерекше сипат ала бастады. Әншінің Алматыға жасаған сапарлары, жергілікті тұрғындармен кездесулері және қазақстандық аудиторияға деген ықыласы әлеуметтік желілерде жиі талқыланып келеді. Өнер иесі, тіпті, болашақта белгілі бір уақыт Қазақстанда өмір сүргісі келетінін де жасырмаған.
Релизбен бірге ұсынылған бейнебаян да ерекше технологиялық шешімімен назар аударды. Клиптің режиссерлері — LOBODA мен қазақстандық клипмейкер Мәди Жағи. Түсірілім толықтай жасыл фон павильонында жүргізілгенімен, экрандағы футуристік әлемдердің барлығы жасанды интеллект көмегімен жасалған.
Жоба авторларының айтуынша, клип өндірісінде нейрожелілерді қолданудың басты мәселелерінің бірі — кейіпкерлердің бет-әлпеті мен артикуляциясының бұзылуы. Бұл жолы команда арнайы технология арқылы әртістердің жүзін толық сақтап қалып, жасанды интеллектіні тек қоршаған ортаны генерациялау үшін пайдаланған. Соның арқасында бейнебаян бір мезетте әрі кинематографиялық, әрі табиғи көрінеді.
Ал LOBODA-ның клиптегі визуалды образы цифрлық өңдеусіз жасалған. Әнші үшін арнайы «фарфор» стиліндегі күрделі грим әзірленіп, жобаға осы техника бойынша жұмыс істейтін мамандар Біріккен Араб Әмірліктерінен шақырылған.
«Бұл релиз арқылы менің кішкентай арманым орындалды — қазақ тілінде ән айту мүмкіндігіне ие болдым. Қайрат Нұртасқа және Қазақстандағы шығармашылық командамызға осы жобаға деген ерекше қамқорлығы үшін алғыс айтамын», —
дейді LOBODA.
Айта кетейік, Sen meni küt әнін алғашқы болып Қайрат Нұртастың 24 мамыр күні Алматыда өткен жеке концертінің көрермендері тыңдаған. Он мыңдаған жанкүйер жаңа туындыны зор ықыласпен қабылдап, бұл коллаборацияның үлкен қызығушылық тудыратынын сол сәттің өзінде көрсетті.
Sen meni küt қазір барлық стримингтік платформаларда қолжетімді.
Фото: пресс-офис