Кофеханалардағы бранчтар, қала ортасындағы іскерлік кездесулер немесе романтикалық кешкі ас — осының бәрін не біріктіреді? Әр жағдайға сай келетін мінсіз киімге деген қажеттілік. Соңғы бірнеше маусым бойы мұндай әмбебап шешім ретінде көйлек-жейде ұсынылып келеді. Бірақ бұл – үйреншікті жеңіл жазғы нұсқа емес, суық мезгілге лайықталған, көпқабатты сәнге әдемі үйлесетін үлгі.
Сәнді көйлек тар болмауы тиіс. Дегенмен тым кең, пішінсіз oversize үлгілерін де ұмытқан жөн: олар сәннен шыққан, көлемді көрінеді және сырт киіммен үйлестіру қиын. Ең дұрысы — тік пішінді түрі, бірақ шамадан тыс кең емес. Етегі түзу де, аздап кеңейтілген де болуы мүмкін. Белді айқындап тұру маңызды, онсыз мүсіннің пропорциясы бұзылады. Жіңішке белдік, матамен үйлесімді нәзік бау бел сызығын айқындап, кез келген образды мінсіз етеді. Ұзындыққа келсек, биыл миди мен макси алдыңғы орында. Әсіресе, тобыққа дейінгі көйлек ерекше талғампаз әрі сәнді көрінеді. Ол тек қана мерекелік кештерге емес, күнделікті образға да жарайды: қалың етіктермен, казак үлгісіндегі бәтеңкелермен немесе былғары бомберлермен әдемі үйлеседі. Ал миниден бас тартқан жөн. Қазіргі үлгідегі көйлектің жеңі міндетті түрде ұзын болуы керек. Тік, кең немесе дөңгеленген пішіндер жарайды, ал тар үлгілерін таңдамаған дұрыс: оларды басқа киімдермен үйлестіру қиын.
Жеңіл мақта мен поплиннің орнын салқын мезгілге қолайлы маталар басты. Қалың жібек немесе оның баламасы — атлас. Бұл маталар әдемі төгіліп, асқан сәнділік сыйлайды. Батыл әрі практикалық шешім ретінде қою түсті тығыз деним немесе экобылғарыны таңдауға болады.
Маусымның сөзсіз фавориттері — ақ, сүт және крем түстері. Бұл классикалық гамма кез келген образдың негізіне жарайды әрі барлық реңктермен үйлеседі. Сонымен қатар күзге тән шоколад, бордо, зәйтүн және көкжидек түстеріне назар аудар. Олардан сәнді маусымдық аутфит құрай аласың. Ал егер жарқындық қосқың келсе, қызыл бұрыш, лимон немесе күлгін реңктерді таңда. Принттер бұл маусымда құпталмайды.
Әшекей элементтері барынша азайтылған. Үлкен жапсырма қалталар, көзге түсетін логотиптер мен ауыр фурнитура енді сәнде емес. Рұқсат етілетіні — шағын ғана бөлшектер: інжу, металл немесе пластиктен жасалған кішкентай түймелер, жағасында көзге байқалмайтын кесте немесе етегінде минималистік өрнек.
Фото: Instagram
Дереккөз: Grazia