Сүйіскен кезде не болады?
Бүгін біз романтикалық сүйісу туралы айтамыз. Яғни, кем дегенде біреудің ерніне ернің тиеді, ал кейде тіл де қолданылады. Соның нәтижесінде өзгенің терісімен, шырышты қабықтарымен байланыс болып, сілекей алмасады. Бұл кейбір адамға эстетикалық тұрғыдан жағымсыз көрінуі мүмкін, бірақ көбі сүйіскенді жақсы көреді.
Себебі ерінде көптеген сезімтал жүйке ұштары бар, ал сүйіскен кезде олар қозады. Бұл әрекет өте жағымды әсер сыйлайды.
Сонымен қатар, сүйіскен кезде жақындық гормоны — окситоцин бөлінеді. Бірақ мұның бәрін ретімен қарастырайық.
Сүйіскеннің пайдасы бар ма?
Сүйісу — тек эмоцияны білдіру емес, оның денсаулыққа да бірнеше пайдасы бар.
Зерттеулер көрсеткендей, сүйісу эмоционалдық байланысты нығайтуға көмектеседі. Ол бірігу сезімін тудырады, махаббатты арттырады және қарым-қатынасты берік етеді. Бұл «тері мен тері» жанасуы кезінде бөлінетін окситоциннің әсерінен болады: бұл гормон адамға босаңсуға, өзін қауіпсіз сезінуге және жұбына сенім артуға мүмкіндік береді.
Сүйісу көбіне жыныстық қатынастың бастамасы болады, ал зерттеулер көрсеткендей, жыныстық қатынас физикалық және психикалық денсаулықты жақсартуға ықпал етеді әрі депрессиямен күресуге көмектеседі.
Бұдан бөлек, сүйісу кезінде иммунитет те күшеюі мүмкін. Денсаулығы мықты адамда жұбының микробтарымен байланыс иммундық жүйені ынталандырып, оны төзімдірек етеді.
Сүйісу кезінде сілекейдің артық бөлінуі бактериялармен күресуге көмектесіп, тісті және қызыл иекті қорғайды. Дегенмен, бұл тек жігіт пен қыз ауыз қуысының гигиенасын мұқият сақтаған жағдайда ғана тиімді болады.
Тағы бір қызығы, әрбір құштарлыққа толы сүйісу калория кетіреді. Иә, көп емес — бірақ бұл да жағымды бонус.
Сүйіскен зиян келтіруі мүмкін бе?
Иә, сүйісу арқылы кейбір инфекциялар жұғуы мүмкін. Мысалы, «сүйісу ауруы» деп аталатын инфекциялық мононуклеоз. Бұл дертті сілекей арқылы берілетін Эпштейн-Барр вирусы қоздырады. Оның белгілері мынадай болуы мүмкін:
- жоғары температура;
- мойын, бас, шынтақ, қолтық немесе шап тұсындағы лимфа түйіндерінің ісінуі;
- тамақтың қабынуы;
- бөртпе;
- бас ауруы;
- шаршаңқылық.
Егер бақылаусыз қалса, сүйісу ауруы көкбауырдың қауіпті үлкеюіне, тамақтың ісінуіне және анемияға әкелуі мүмкін.
Одан бөлек, өзге де вирустық ауруларды жұқтырып алу ықтималдығы бар: тұмау, герпес, В гепатиті. Әсіресе сүйіскен адамыңның аузында жара болса, қауіп жоғары. Егер кәдімгі ЖРВИ демалып, сұйықтық көп ішкен жағдайда 1–2 аптада өтіп кетсе, герпес вирусы өмір бойы сенімен бірге қалады. Сен жасай алатын жалғыз әрекет — тек белгілерінен құтылу.
В гепатитінде де жағдай сондай. Бұл вирус аурудың жедел өршуін де, созылмалы түрге ауысуын да тудыруы мүмкін. Әсіресе мұндай жағдай нәрестелер мен балалар арасында жиірек кездеседі.
Қашан сүйіскеннен бас тартқан дұрыс?
Сен немесе жұбың ауырып тұрған жағдайда. Мысалы, араларыңда біреу түшкірсе немесе жөтелсе, тамағы ауырса немесе герпестің көзге көрінетін белглері болса.
Сондай-ақ кішкентай балаларды еріннен сүюге болмайды. Өйткені олардың иммундық жүйесі жаңа микробтармен күресуге әлі дайын емес және жеңіп шыға алмауы мүмкін.
Әрі бейтаныс адамдарды немесе алғаш рет көріп тұрған кісілерді сүю де дұрыс емес. Себебі жаңа танысыңның тісінде кариес, герпес немесе В гепатиті бар-жоғына ешқашан толық сенімді бола алмайсың.
Қалай қауіпсіз сүйіскен дұрыс?
- Ауырған адамдарды сүйме және өзіңді де сүйгізбе.
- Ауыз қуысының гигиенасын сақта.
- Вакцина ал. Мысалы, сен тұмауға, менингококк пен пневмококкқа қарсы екпе жасата аласың — сонда жұқтыру немесе асқынуларға тап болу қаупі әлдеқайда төмен болады.
Қорытынды: сүйіскен дұрыс па, жоқ па?
Барлық қауіп-қатерге қарамастан, сүйіскеннің пайдасы көп. Оның үстіне бұл жағымды сезім сыйлайды. Сондықтан дәрігерлер сүйісуге тыйым салмайды. Әсіресе тұрақты жұбыңмен және қауіпсіздік ережелерін сақтай отырып сүйіссең.
Фото: Pexels
Дереккөз: Лайфхакер