Біздің ағзамызда жыныстық қатынас тоқтағанда қандай өзгерістер орын алады?

Өзгерістер көбіне теріс сипатта, бірақ оң әсерлері де жоқ емес.

от Арайлым Ақан
Опубликовано: 05 сентября 2025, 12:35
жыныстық қатынас
Pexels: Kristina Paukshtite

Жыныстық қатынастың болмауы қандай зиян тигізуі мүмкін?

Ұзақ уақыт жыныстық қатынастан бас тарту тек айырылысудан емес, карантиннен, іссапардан немесе жұбыңнан ұзақ уақытқа кетуінен де болуы мүмкін. Мұндай жағдайлар адамның физикалық және психологиялық денсаулығына кері әсер етуі ықтимал.

Стресс пен мазасыздық артады

Жыныстық қатынас кезінде ағзада эндорфин (қуаныш гормоны), окситоцин (жақындық гормоны), дофамин (рахат сезімін сездіретін гормон) және басқа да гормондар бөлінеді. Олар көңіл-күйді жақсартып, мазасыздық пен уайымды азайтады. Ал жыныстық өмір тұрақты болмаса, бұл заттар азаяды да, стресс пен күйзеліс күшейеді.

Ауырсыну күшейеді

Оргазм кезінде эндорфиндер бөлініп, табиғи ауырсынуды басатын опиаттардың қызметін атқарады. Сондықтан бас ауруы немесе етеккір кезіндегі ауырсыну уақытша жеңілдейді.

Ұйқы нашарлайды

Оргазм ұйқыны жақсартса, ал жыныстық қатынастың болмағанынан туындайтын стресс пен мазасыздық ұйқысыздыққа әкелуі мүмкін. Әсіресе бұрыннан мұндай проблемасы бар адамдарда жағдай қиындайды.

Ерлерде эрекция нашарлауы мүмкін

Ұзақ уақыт жыныстық қатынастың болмауы тестостерон деңгейін төмендетеді, бұл эрекцияға тікелей әсер етеді. Әсіресе 55 жастан асқан ерлер үшін бұл қауіпті, себебі оларда эректильді дисфункция даму қаупі жыныстық қатынастың жиілігіне байланысты.

Қынап қабырғалары жұқарып, құрғақтық пайда болады

Мастурбация немесе серіктеспен жақындық кезінде қынаптағы қан айналым жақсарады. Соның арқасында қабырғалары серпімді болып, табиғи ылғал көбірек бөлінеді. Ал ұзақ уақыт интим болмаған жағдайда, әсіресе менопауза кезеңінде, қынап атрофиясының даму қаупі жоғарылайды. Ол құрғақтықпен, ыңғайсыздықпен, жарақаттармен көрінеді. Бұған жол бермеу үшін жыныстық белсенділікті сақтау маңызды.

Жүрек жұмысы әлсіреуі мүмкін

Жыныстық қатынас – жүрекке пайдалы кардиожаттығудың бір түрі. Аптасына кемінде екі рет жақындықта болатын ерлер мен бұл тұрғыда қанағаттанатын әйелдерде инфаркт қаупі төмен, қан қысымы тұрақтырақ. Сондықтан жыныстық жақындықтың болмауы жүректі мұндай профилактикадан айырады.

Қуықасты безі обырының қаупі артады

Эякуляция жиілігі қуықасты безінің қатерлі ісігінің даму қаупімен байланысты. Оргазм неғұрлым көп болса, қауіп соғұрлым азаяды: айына 20 реттен артық эякуляция жасайтын ерлерде бұл қатерлі ісік даму қаупі 20%-ға төмендейді (4–7 ретпен салыстырғанда).

Өзін-өзі бағалау төмендейді, жалғыздық сезімі пайда болады

Бұл әсіресе жыныстық қатынастан саналы түрде емес, мәжбүрлі түрде бас тартқан адамдарға тән. Олар өзін төмен бағалай бастайды, «тактильді аштыққа» ұшырайды, оқшаулану мен жалғыздықты сезінеді. Бұны мастурбация да толық шеше алмайды.

Жыныстық қатынастың болмауы қандай пайда әкелуі мүмкін?

Барлығы соншалықты жаман емес, себебі жыныстық өмірден уақытша бас тартқанның да оң әсері бар.

Жоспарланбаған жүктілік пен инфекциялардан қауіп жоқ

Кейбір ер адамдарда жыныстық жолмен берілетін аурулардан шамадан тыс қорқу – венерофобия кездеседі. Олар өз жыныс мүшелерін үнемі тексеріп, өзін-өзі емдеумен айналысады. Ал әйелдерде кейде жүктіліктен шамадан тыс қорқу – токофобия байқалады. Жыныстық өмірден уақытша бас тарту мұндай адамдардың мазасыздығын азайтып, ішкі тыныштық әкелуі мүмкін.

Маңызды істерге көбірек көңіл бөлуге болады

Зерттеулерге сәйкес, жыныстық тұрғыда белсенді оқушылардың үлгерімі төменірек болып, жоғары оқу орнына түсу ықтималдығы азаяды. Ал ересектерге жыныстық қатынастан уақытша бас тарту «басын босатып», маңызды мақсаттарға назар аударуға көмектеседі.


Фото: Pexels

Дереккөз: Лайфхакер

Cookie Image Использование файлов cookie

Мы используем куки для улучшения работы сайта. Узнать больше