Рүстем Жүгінісов әйелдерге қатысты пікірі үшін жазаланды

Астанада әнші Рүстем Жүгіүсіновке осы жылдың тамыз айында шыққан дауға байланысты айыппұл салынды. Ол кезде әнші қыздардан «мешітке ер адамсыз бармауды» өтінген болатын.

от Арайлым Ақан
Опубликовано: 30 сентября 2025, 12:49
Рүстем Жүгінісов
Pexels: Sora Shimazaki

Елордадағы сотта Рүстем Жүгінісовке қатысты сот шешімі жарияланды.

Биыл шілде айында Ақтөбе тұрғыны мешітте өзін ер адамның мазалағанын айтып шағымданған еді. Ол әрекет бейнекамераға түсіп қалған. Полиция мәліметінше, ер адаммен профилактикалық әңгіме жүргізіліп, оған қатысты әкімшілік хаттама толтырылған.

Бұл жағдай қоғамда кең талқыланып, желіде үлкен пікірталас тудырды. Әсіресе әнші Рүстем Жүгінісовтің сөзіне байланысты дау күшейді.

«Не деген сұмдық! Әнші Рүстем Жүгінісов Ақтөбедегі мешітте бір күндік неке ұсынған ер адамның әрекетіне қызды айыптап отыр. Қыз өзі себеп болды, үйінде отырып намаз оқысын деген сыңайда пікір білдірді», –

деп жазды Threads парақшасында журналист Сырым Итқұлов.

Осы кезде продюсер Баян Алагөзова да пікір білдіріп, полициядан тексеру жүргізуді сұраған болатын.

Көп ұзамай Жүгінісов өз сөздері үшін кешірім сұрады.

«Ойлана келе, сол сәттегі эмоцияның әсерімен кей сөздерімде қаттылыққа жол беріп, ойымды дұрыс жеткізе алмағанымды түсіндім. Бұл менің тарапымнан кеткен үлкен қателік екенін мойындаймын. Біз зайырлы елде тұрамыз, әр адамның өз таңдауы бар. Ешкімді белгілі бір көзқарасты ұстан деп мәжбүрлеу ойымда болған емес. Мен әр адамның шешімін сыйлаймын және құрметтеймін!», –

деді ол.

Астана қалалық сотының баспасөз қызметі Рүстем Жүгінісовтің Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 453-бабы 2-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзды деп танылғанын хабарлады.

«Сот 78 640 теңге көлемінде айыппұл түрінде әкімшілік жаза тағайындады. Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ», –

делінген ресми хабарламада.

Фото: Pexels

Cookie Image Использование файлов cookie

Мы используем куки для улучшения работы сайта. Узнать больше