«Менің тарапымнан кеткен үлкен қателік»: Рүстем Жүгінісов әйелдер туралы айтқан сөздері үшін кешірім сұрады

от adminPMG
Опубликовано: 19 августа 2025, 16:42

Instagram: @zhugunussov

Рүстем Жүгінісов қазақстандықтардың жаппай сынына ұшырап, Ақтөбедегі мешіттегі жағдайға байланысты айтқан пікірі үшін кешірім сұрады.

Соңғы күндері әлеуметтік желі қолданушылары Ақтөбеде мешіт ішінде бір ер адамның қызға тиіскен жағдайына байланысты Рүстем Жүгінісовтің айтқан пікірін қызу талқылап жатыр.

«Не деген сұмдық! Әнші Рүстем Жүгінісов Ақтөбедегі мешітте бір күндік неке ұсынған ер адамның әрекетіне қызды айыптап отыр. Қыз өзі себеп болды, үйінде отырып намаз оқысын деген сыңайда пікір білдірді»,

деп жазды Threads парақшасында журналист Сырым Итқұлов.

Бұл пікір үлкен сынға ұшырады. Продюсер Баян Алагөзова да Instagram парақшасының stories бөлімінде бұл мәселеге тоқталып, полициядан ресми шара қолдануды сұрады.

«Ең қорқыныштысы – әнші Жүгінісов қыздарға күйеуі не ағасы болмаса, үйден шықпа деп кеңес беріп отыр. Сіз шынымен солай айтып отырсыз ба? Мен құзырлы органдардан кем дегенде онымен түсіндіру жұмысын жүргізуді сұраймын. Бұл – әйелдердің құқықтары мен бостандығына тікелей қол сұғу»,

деп жазды ол.

Instagram/stories: @bayanmaxatkyzy

Көп ұзамай, Рүстем Жүгінісов өзі мәлімдеме жасап, сол оқиғада кінә толықтай ер адамның жағында екенін атап өтті.

«Қайырлы күн! Соңғы күндері тарап жатқан менің жазбаларыма байланысты түсініктеме бергім келеді. Бірінші сторисымда айтқанымдай, бұл жағдайда толықтай ер азаматтың жасағаны қате. Бұл-айқын. Дінімізде де «бір күндік неке» деген түсінік жоқ екенін нақты тағы айтқым келеді.

Ойлана келе, сол сәттегі эмоцияның әсерімен кей сөздерімде қаттылыққа жол беріп, ойымды дұрыс жеткізе алмағанымды түсіндім. Бұл менің тарапымнан кеткен үлкен қателік екенін мойындаймын. Біз зайырлы елде тұрамыз, әр адамның өз таңдауы бар. Ешкімді белгілі бір көзқарасты ұстан деп мәжбүрлеу ойымда болған емес. Мен әр адамның шешімін сыйлаймын және құрметтеймін! Негізінде бұл мәселені қозғағанда, ең алдымен қауіпсіздік жағын ойлаған едім. Ия, мен де қыз бағып отырған әкемін. Мен де қыздарымды уайымдаймын. Кеш бата көшеде түрлі қауіп төндіретін ер азаматтар, яғни мас күйдегі адамдар, есірткі әсеріндегі немесе психикалық жағдайы тұрақсыз азаматтар кездесуі мүмкін. Мен тек сол қауіптерден қорғаштап, қарындастарымды уайымдағандықтан, эмоциямен айтып қойдым. Ия, жеткізу формасынан қателік кеткені рас. Бірақ, менің ниетім ешқашан ару жандарды кінәлау болмаған.

Зорлық-зомбылық, алдау, пайдаланушылық, мұның бәріне әйел емес, ер адамдардың кінәсі бар екені толықтай РАС! Сондықтан ең алдымен, өзгеріс те, жауапкершілік те ер азаматтардан басталуы қажет. Бұл жағдай мен үшін үлкен сабақ болды. Айтылған әр пікірді қабылдап жатырмын. Қарындастарым, әпкелерім сіздерді ренжітіп алсам, шын жүректен кешірім сұраймын!»,

деп жазды Рүстем.

Фото: Instagram

Cookie Image Использование файлов cookie

Мы используем куки для улучшения работы сайта. Узнать больше