Францияның Сен-Тропе қаласында WR Women’s Chess Tour 2026 турының еуропалық кезеңі аясында рапидтен жарыс өтті. Турнирдің финалында қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева украиналық Мария Музычукты 2:0 есебімен жеңді.
Айта кетейік, Бибісара Асаубаева блиц-шахмат бойынша да чемпиондық атақ үшін күресін жалғастырып жатыр.
WR Women’s Chess Tour 2026 — әлемнің үздік шахматшылары қатысатын әйелдер арасындағы элиталық турнирлердің жаһандық сериясы. Ол төрт құрлықтық кезеңнен және жылдың соңында өтетін гранд-финалдан тұрады. Жарыс бағдарламасына жылдам шахматтың екі түрі — блиц пен рапид кіреді.
Сен-Тропедегі (Франция) кезең 25-26 тамыз аралығында өтуде. Турнирдің жүлде қоры — 40 мың АҚШ доллары.
22 жастағы қазақстандық шахматшы 2025 жылдың соңында мансабында үшінші рет блицтен әлем чемпионатында жеңіске жетті. Осы жетістігі арқылы Бибісара Асаубаева Қазақстан шахматының тарихына енді. Бұған дейін еліміздің бірде-бір шахматшысы блицтен әлем чемпионатында үш рет жеңімпаз атанбаған.
Фото: Instagram