Рыбакина жылдың басты матчы алдындағы дайындығы туралы айтты

Қазақстандық теннисші, әлемнің екінші ракеткасы Елена Рыбакина АҚШ-тың Цинциннати қаласында өтіп жатқан беделді турнирдің ширек финалына шығуына не көмектескенін айтты.

от Арайлым Ақан
Опубликовано: 20 августа 2026, 12:41
Рыбакина
Instagram: @lenarybakina

Турнирдің 1/8 финалында Рыбакина ресейлік Диана Шнайдерді екі сетте де 6:4, 6:4 есебімен сенімді түрде жеңді. Қазақстандық теннисшінің айтуынша, бұл кездесуде оның сәтті орындалған добы маңызды рөл атқарған.

«Меніңше, бұл матчта добым жақсы жұмыс істеп, маған көп көмектесті. Өйткені кездесуді аса сәтті бастай алмадым. Дегенмен добым өз міндетін орындады деп ойлаймын», –

деді теннисші WTA баспасөз қызметіне.

Айта кетейік, Қазақстанның бірінші ракеткасы матч барысында сегіз эйс жасады. Оның бірін екінші сеттегі матчбол кезінде орындады.

Цинциннати турнирінде Рыбакина әзірге бірде-бір сетте жеңілген жоқ. Ал бұған дейін Торонтода өткен жарыста қазақстандық теннисші тек бір кездесуде ғана қарсыласын екі сетте қатарынан жеңген еді.

«Өзімді әлдеқайда сергек сезініп тұрмын деп айту қиын. Ертең жағдайдың қалай өрбитінін көрейік. Соңғы екі түнде жақсы ұйықтадым. Өйткені Канададағы турнирден кейін бірден осында келу өте қиын болды. Ертең не болатынын көре жатармыз. Нәтижеге қарамастан, бұл алдағы АҚШ ашық чемпионатына жақсы дайындық деп есептеймін. Қазір бабында жүрген, жоғары деңгейде ойнап жүрген қарсыласпен кездесу – жақсы тәжірибе. Канададағы турнирде добым аса жақсы болмады. Сондықтан бүгінгідей деңгейде доп бере алсам, бұл маған өте пайдалы болады»,

– деді Рыбакина.

Еске сала кетейік, ширек финалда қазақстандық теннисші Польша өкілі, әлемнің бұрынғы бірінші ракеткасы Ига Швёнтекпен кездеседі. Өткен аптада Рыбакина Торонтода өткен турнирдің финалында Швёнтекке есе жіберген болатын.

Сол жеңістен кейін Швёнтек өзара кездесулер статистикасында алға шықты. Қазіргі есеп – 7:6 поляк теннисшісінің пайдасына.

Рыбакина мен Швёнтек арасындағы матч Қазақстан уақытымен 21 тамыз күні таңертең өтеді деп жоспарланған.


Фото: Instagram

Дереккөз: Tengrisport.kz

Cookie Image Использование файлов cookie

Мы используем куки для улучшения работы сайта. Узнать больше