«Бәрін өзгерткім келеді, бірақ қорқамын»: мұның астарында не жатыр?

Әрқайсымыз өмірімізде кем дегенде бір рет болса да ең жаман сценарий жүзеге асқандай күйді бастан өткерген шығармыз: не істеу керегін білмейсің және тығырыққа тірелгендей сезінесің.

от Арайлым Ақан
Опубликовано: 28 мая 2026, 10:58
қорқыныш өзгерістен
Pexels: Anastasiia Chaikovska

Осындай сәттерде «енді жоғалтатын ештеңе қалмады» деген ой келеді. Қандай шешім қабылдасаң да, қандай жолды таңдасаң да, бәрібір жағымсыз эмоциялармен күресуге және қиындықтарды еңсеруге тура келетіндей көрінеді.

Шын мәнінде, бұл — өте қызық бастапқы нүкте. Бір жағынан, қазіргі жағдайдың сені қанағаттандырмайтынын түсінесің. Екінші жағынан, логика мен ақыл-ой дәл қазір өзгеріс жасайтын уақыт екенін айтып тұрса да, ештеңені өзгертпейсің. Оның үстіне, қорқыныш жоғалып кетпек түгілі, одан сайын күшейе түседі.

Өйткені мәселе тек сыртқы жағдайларда емес. Сенің ойлау жүйең, әдеттерің, эмоцияларың және ішкі психологиялық механизмдерің шешімдеріңе әлдеқайда көбірек ықпал етеді. Бұл мақалада дәл осындай сәттерде белсенді әрекет жасауға не кедергі болатынын талдап көрейік.

1. Қазіргі жағдайдан да жаман болып кете ме деп қорқасың

Айталық, қазір өміріңнің ең қиын кезеңдерінің бірін бастан кешіріп жатырсың. Бірақ уақыт өте келе қазіргі жағдайға бейімделіп, не істеу керегін түсініп, алда не күтіп тұрғанын шамамен болжай бастағанда, өмір онша қорқынышты көрінбей қалады. Адам бәріне үйренеді. Осындай сәттерде сені тыныштандыратын нәрсе — қиындықтарға қарамастан төтеп беріп жүргенің. Иә, бұл сенен шыдамдылықты, қосымша күшті және эмоциялық төзімділікті талап етеді. Бірақ бәрібір берілмейсің.

Ал кез келген өзгеріс — белгісіздік. Сондықтан бірдеңені өзгертуді ойлаған сайын, санаң ең жаман сценарийлерді елестете бастайды.

2. Өз шешімдеріңе сенбейсің

Әр адам өткен өмірінде қателік жіберген. Егер сәтсіздіктерің жадыңда терең із қалдырып, қорқыныштар мен комплекстердің қалыптасуына себеп болса, шешім қабылдауды соңына дейін кейінге қалдыруың заңды.

Таңдау жасау керек болған сәтте ішіңде: «Қайтадан қателесіп кетсем ше?» деген күмән пайда болады. Сөйтіп, жалған тұрақтылыққа жабысып, бір орында тапжылмай тұра беруді жөн көресің.

Өз шешімдеріңе неғұрлым көп күмәндансаң, алғашқы қадам жасау соғұрлым қиынға түседі. Жағдайды өзгертуге тырысудың орнына, әрекетті кейінге қалдырасың, ешкім кепілдік бере алмайтын сенімді іздейсің, «мінсіз сәтті» күтесің.

3. Қазіргі күйге үйреніп кетесің

Тіпті ең жайсыз жағдайлардың өзі уақыт өте келе қалыпты нәрседей қабылдана бастайды. Біртіндеп бейімделесің, қиындықтармен күресудің жолдарын табасың, өз талаптарың мен үміттеріңді төмендетесің. Кейде тіпті «бәрі соншалықты жаман емес екен» деген ой да келуі мүмкін. Бұл — қазіргі жағдайыңмен іштей келісіп кеткеніңнің белгісі.

Кез келген өзгеріс күш-жігерді талап етеді: уақыт, энергия, жүйке, тіпті қаржылық шығын. Ал үйреншікті өмір салтын сақтап жүру әлдеқайда жеңіл, әсіресе не істеу керегін жақсы білсең. Сондықтан қазіргі жағдайың қолайсыз болса да, көп ресурс талап етпейтін жолды таңдауың мүмкін.

Нәтижесінде, өзіңді өсу мен дамуға кедергі келтіретін ортада саналы түрде ұстап қаласың.

4. Өзгерістің ауқымын тым үлкейтіп жібересің

Өзгеріс туралы ойлағанда, оны өміріңді түбегейлі өзгертетін, бәрін нөлден бастауға мәжбүрлейтін үлкен қадам ретінде қабылдауың мүмкін. Әрине, мұндай ауқым қорқыныш тудырады. Өзіңе тым көп нәрсені тәуекелге тігіп жатқандай сезінесің.

Қорқынышың «бұл өте қиын», «өте қауіпті», «көп уақыт алады» деген ойлармен күшейе түседі.

Сөйтіп, өзің үшін ең оңай әрі қауіпсіз көрінетін жалғыз шешімді таңдайсың — мүлде бастамау. Өйткені солай жасасаң, күшіңді үнемдейсің, қосымша жайсыздыққа тап болмайсың және сәтсіздікке ұшырамайсың деп ойлайсың.

5. Айқын балама жолды көрмейсің

Қазіргі жағдайың көңіліңнен шықпауы мүмкін, ол көптеген жағымсыз эмоция туғызады. Бірақ кем дегенде не істеу керегін білесің. Ал өзгерістерге келгенде, нақты жоспар құру немесе қозғалыс бағытын анықтау әрдайым мүмкін бола бермейді. Сондықтан кез келген ықтимал әрекет немесе шешім саған негізсіз тәуекел болып көрінеді.

Егер ойыңда нақты жеткім келетін нәтиже болмаса, жайлылық аймағынан шығуың екіталай. Оның орнына, қазіргі жағдаймен күресе бересің. Сені: «Қайда апаратынын білмесем, не үшін қазір бірдеңені өзгертуім керек?» деген қарапайым, бірақ түсінікті ой жетелейді.

6. Шынайылықпен бетпе-бет келуден қорқасың

Кейде адам ештеңе істемейді, себебі қатал шындықпен беттескісі келмейді. Апталап, айлап, тіпті жылдап өзіңді «бәрі бір күні өздігінен түзеледі», «бәрін өзгертуге әлі мүмкіндік болады», «басқалар да дәл осындай жағдайда өмір сүріп жатыр ғой» деп жұбата беруің мүмкін.

Мұндай ойлар нақты шешім қабылдап, әрекет етуден әлдеқайда жеңіл әрі жағымды көрінеді. Өйткені ештеңе істемей, қателесу немесе күткен нәтижеңе жете алмау ықтималдығын нөлге теңестіргендей боласың.

Сөйтіп, іштей оның орындалмайтынын сезсең де, ең жақсы сценарийге сенуді таңдайсың.


Фото: Pexels

Дереккөз: HEROINE

Cookie Image Использование файлов cookie

Мы используем куки для улучшения работы сайта. Узнать больше