Ауа райы салқындаған сәттен бастап барлығымыз іздей бастайтын киім — жемпір. Ол бізді суық күндері жылытып қана қоймай, образға жайлылық пен сән сыйлайды. Егер сен де гардеробыңды барлық киімдермен үйлесетін мінсіз жемпірмен толықтыруға дайын болсаң, төменде осы маусымның ең өзекті нұсқасы туралы оқы.
Күздің басты тренді — оверсайз үлгісі. Мұндай жемпір өте ыңғайлы: оны жеке элемент ретінде де, кең пәлте немесе күртешенің астынан да киюге болады. Сондай-ақ, ол қабаттап киюге керемет жарайды — мысалы, лонгсливтің үстінен. Ұзындығы жамбас сүйегіне дейін немесе сәл төмен болғаны дұрыс: мұндай түрі стилизацияға толық еркіндік береді. Бұл маусымда қысқа үлгілерден бас тартқан жөн — олар ескірген көрінеді әрі суықтан қорғамайды. Жағасына келсек: классикалық дөңгелек ойық әмбебап әрі жейденің жағасымен мінсіз үйлеседі, ал тік жағалы түрі мойынды визуалды түрде ұзартып, образға жайлы әсер береді.
Матасы да өте маңызды. Ол сыртқы түрін, ұзақ уақытқа шыдамдылығын және теріге тигендегі сезімді анықтайды. Үздік фаворит — кашемир: ерекше жұмсақ әрі жылы, әдемі жылтыры бар және гардеробқа ұзақмерзімді инвестиция болып саналады. Бірақ ол арнайы күтімді талап етеді. Ал күнделікті аутфиттер үшін меринос жүнінен жасалған жемпірлер қолайлы: күтімі жеңіл, жылуды жақсы сақтайды. Сондай-ақ, аздап синтетика араласқан заманауи қоспа маталар да назар аударуға тұрарлық. Олар жемпірдің төзімділігін арттырады, бірақ жасанды талшықтардың үлесі тым көп болмауы керек.
Маусым палитрасы бейтарап түстерге негізделеді: сүт түсті, ашық қоңыр, сұр және графит. Олар монохромды да, батыл түсті комбинацияларды да әдемі толықтырады. Ал егер әмбебап шешімдер көңіліңнен шықпаса, терракота, қою бордо, трендтегі күлгін, қою көк және қою жасыл түстерге мән бер. Қарапайым нұсқалар жалықтырса, жолақты немесе анималистік принттері бар үлгілерді таңда.
Декорда басты орын — тоқу өнерінде. Ирланд дәстүрінен бастау алатын ірі өрімдер айқындық береді. Геометриялық аргайл өрнегі, қиылысып жатқан сызықты ромбтар преппи эстетикасын және америкалық пансиондардың мектеп формасын еске салады. Ал түрлі түсті фэр-айл техникасымен жасалған өрнектер скандинавиялық сәнқойлардың талғамын еске түсіреді. Логотиптер мен кестелер тек ұстамды түрде, киімнің өз түсімен үйлескенде ғана сәнді көрінеді.
Фото: Instagram
Дереккөз: Grazia