Әлеуметтік желілер жыныстық өміріңді қалай бұзады: 5 негізгі себеп және оны қалай түзетуге болады

Білесің бе, желідегі аз ғана өзгеріс сенің интимдік өміріңді түбегейлі өзгертуі мүмкін?

от Арайлым Ақан
Опубликовано: 10 октября 2025, 12:48
жыныстық қатынас
Pexels: Hải Nguyễn

Психотерапевт, сексуалдық уайым мен ұяңдық мәселелерін зерттейтін Холли Нельсонның айтуынша, әлеуметтік желілер көпшілік ойлағандай бейтарап ермек емес.

«Көп адам әлеуметтік желілерді жай ғана көңіл бөлудің тәсілі деп санайды. Бірақ олар біздегі қарым-қатынас түрін, эмоцияны басқару және өзімізге баға беру тәсілімізді баяу өзгертеді. Мұның бәрі, сайып келгенде, төсекте де байқалады», —

дейді маман.

Осы пікірмен өзге сарапшылар да келіседі. Олардың айтуынша, әлеуметтік желілерде көп уақыт өткізу төмендегі жайсыздықтарды тудырады.

1. Өзін-өзі төмен бағалау

Сексолог Минди ДеСетаның айтуынша, әлеуметтік желілерде өзіңді өзгелермен салыстыру — адам табиғатына тән, бірақ бұл әдет өз-өзіңе сенімсіздік тудырады.

«Біз басқалармен салыстырғанда өзімізді жиі төмен бағалаймыз. Ал өз-өзіңді жақсы көрмеу жыныстық өмірге де әсер етеді — өйткені жыныстық қатынас тек дене емес, ой мен көңілдің де ісі. Өзін-өзі төмен бағалайтын адамда сексуалдық құштарлық азаяды немесе мүлде жойылады», —

дейді маман.

2. Өз денеңді бұрмаланған түрде қабылдау

Инстаграмдағы мінсіз мүсіндер мен фитнес-посттарды көріп, айнаға қарағанда өзіңе көңілің толмай қалған кез болды ма? Бұл — кең тараған құбылыс. Мұндай контент өз денеңді қабылдауға кедергі келтіріп, өз-өзіңе риза болмауға, тіпті тамақтану тәртібін бұзуға себеп болуы мүмкін.

«Басқалардың өңделген суреттері бізге жыныстық тартымдылық туралы жалған түсінік қалыптастырады. Біз мұны түсінсек те, бейсаналы түрде солардай болуға тырысамыз — бұл өз денемізді қабылдауға кедергі келтіреді», —

дейді ДеСета.

3. Жақындыққа уақыттың жетіспеуі

Орта есеппен адамдар күніне әлеуметтік желілерге екі жарым сағаттан астам уақыт жұмсайды. Ал бұл — серігіңе бөлетін уақыттың есебінен кететін сәттер.

«Көптеген жұптар төсекте бірге болғанда, бір-біріне емес, телефон экранына қарайды. Бұл серігіңе “саған қарағанда гаджет маңызды” деген белгі береді. Мұндай мінез-құлық адамды ренжітіп, арадағы жылы қатынасты салқындатады», —

дейді психотерапевт Холли Нельсон.

4. Эмоцияны шектен тыс білдіру

Мұнда құмарлық емес, күнделікті ашу мен шаршау жайында сөз болып отыр. Минди ДеСетаның айтуынша, әлеуметтік желілердегі ақпарат тасқыны адамды шамадан тыс эмоцияға толтырады, соның салдарынан екінші жартыңа орынсыз ашулану жиілейді.

«Ал егер сен күйзеліс пен ашу үстінде болсаң, жыныстық құштарлық табиғи түрде төмендейді», —

дейді маман.

5. Стресс пен шаршау

Әлеуметтік желілерге тым әуестену ұйқы режимін бұзып, стресс деңгейін арттырады. Маманның айтуынша, мұның соңы толық шаршауға ұласады — ал шаршаған адам, тіпті қаласа да, қозуға немесе ләззат алуға қабілетсіз.

Не істеу керек?

Алдымен жақсы жаңалықтан бастайық — бұл әлеуметтік желілерден мүлде бас тарту керек дегенді білдірмейді. Саған көмектесетін қарапайым цифрлық гигиена ережелері бар:

  • Ұйықтар алдында кем дегенде бір сағат бұрын әлеуметтік желілерді қарауды (тіпті смартфон қолдануды) тоқтат.
  • Кешкі уақытта гаджет қарағанның орнына өзіңе қуаныш сыйлайтын «жеке рәсімдермен» айналыс: мысалы, жылы ванна қабылдау немесе бір-біріңе массаж жасау.
  • Жазылған адамдар тізімін қарап шық — фитнес-блогерлердің қатарына дене пішіні қарапайым адамдарды да қос.
  • Өз-өзіңді бағалауды нығайт: өзіңе қамқорлық жасауға уақыт бөл, шынайы мақсаттар қой, өзіңе мәні бар хоббилер тап және теріс ойлармен күрес.

Фото: Pexels

Дереккөз: The Voice Mag

Cookie Image Использование файлов cookie

Мы используем куки для улучшения работы сайта. Узнать больше