Кез келген образға оңай үйлесіп, бірнеше минутта түрлі стиль жасауға мүмкіндік беретін нұсқалардың бірі — бермуда үлгісіндегі шолақ шалбар. Олар күнделікті де, классикалық образдармен де жарасады.
Биыл еркін пішімдегі модельдер трендте. Тік немесе сәл кеңейген балақты бермуда үлгісіндегі шолақ шалбарларға басымдық беріледі. Бел сызығы да әртүрлі болуы мүмкін: төмен белді, 2000 жылдар стиліндегі үлгілер де, орташа не жоғары қондырылған модельдер де өзекті. Ең қолайлы ұзындық — тізеге дейін немесе сәл жоғары. Әсіресе, қырланған сызығы бар немесе бел тұсында жұмсақ қатпарлармен толықтырылған нұсқалар ерекше назарда. Мұндай бөлшектер киімге жинақы әрі талғампаз реңк береді.
Материал таңдауда костюмдік мата, қалың мақта, зығыр және бәтес алдыңғы қатарда тұр. Құрамында аздаған синтетикасы бар аралас маталар да сұранысқа ие, себебі олар пішінін жақсы сақтап, ыстықта аз мыжылады. Денимнен тігілген модельдер күнделікті стильге көбірек сай келеді, алайда ауа өткізгіштігі төмен болғандықтан қолайсыздық тудыруы мүмкін. Сонымен қатар, мыжылған эффектісі бар фактуралар да сәнде. Олар мінсіз тегіс емес, табиғи көрінетін текстураларға деген трендті айқындай түседі.
Маусым палитрасы шектеусіз деуге болады. Ақ, сүт түсті, құм түсті, беж, крем, карамель, графит, сұр, қара, терракот, қою көк және шоколад реңктері базалық түстер қатарында. Сонымен бірге зәйтүн, қызанақ түстес қызыл, күлгін, шарап және бордо секілді қанық реңктер де өзекті. Ал ерекше образ жасағыңыз келсе, алқызыл, апельсин, лимон, жалбыз немесе көгілдір түстеріндегі модельдерді таңдауға болады.
Принттер де сәннен қалған жоқ. Жіңішке жолақ, тор көз, гүлді өрнектер мен геометриялық суреттер маусым хиттерінің қатарында. Бұған қоса, жолбарыс, леопард, сиыр, зебра немесе бұғы терісіне ұқсас анималистік өрнектер де стильді балама бола алады.
Декор барынша ұстамды болғаны жөн. Ірі түймелер, бел тұсындағы жұмсақ жиырмалар немесе шағын бүйір тіліктері бар модельдер ерекше сұранысқа ие.
Фото: Instagram
Дереккөз: Grazia