«Сахнаға ораламын»: Айдана Меденова шығармашылығына қатысты маңызды хабарлама жасады

Өнерден алыстаған танымал әнші Айдана Меденова әлеуметтік желідегі парақшасында шығармашылық жолына байланысты күтпеген мәлімдеме жариялады.

от Арайлым Ақан
Опубликовано: 19 ноября 2025, 12:02
Айдана Меденова
Instagram: @aidanamedenova_officialpage

Алдымен әнші Stories арқылы қысқа жазба қалдырып, көпшілікті ойландырып қойды.

«Кейінгі уақытта жасаған ең қиын қадамдарымның бірі. Бірақ мен оның дұрыс екенін сезіп тұрмын. Мен өз-өзіммен ұзақ уақыт бойы күрестім. Бүгін мен шынайы болуды таңдадым. Болды. Біреу түсінеді, біреу әңгіме қылады. Өз еріктеріңіз», –

деп жазды.

Оқырмандар арасында бұл сөздерді әртүрлі қабылдағандар болды. Кейбірі Айдана орамалын шешпек ниетте деген болжам да жасаған.

Алайда Меденова YouTube арнасында арнайы видео жариялап, сахнадан не себепті кеткенін ашық түсіндірді. Оның айтуынша, соңғы жылдары жұбайы Әлішер Нұржанов екеуі үшін оңай кезең болмаған. Екі шығармашылық адамның өмірі өзгерістерді талап етіп, Айдана өнерден кеткеннен кейін жаңа бағыттар мен жобаларды іздеуге мәжбүр болған.

«Өнерден алыстаған кезде түрлі әңгіме көбейді. Көпшілік мені сахнадан кетуге күйеуім себеп болды деп ойлайды екен. Бұл – жалған. Екінші үлкен себеп – әкемнің дүниеден өтуі. Сол кезеңде қатты күйзелдім, көп нәрсеге қайта қарадым. Дәл осындай сезімді анам қайтыс болғанда да бастан өткеріп, бірнеше жыл ән айтудан бас тартқанмын. Тіпті өнерге мүлде оралмаспын деген шешімге келген кездер болды. Мен үшін ән айту – мереке, қуаныш. Ал жан-дүнием жараланып тұрған кезде сахнаға шығу мүмкін болмады. Менің кетуімнің хиджабқа еш қатысы жоқ», –

деді әнші.

Видео соңында Айдана сахнаға қайта оралатынын ресми түрде мәлім етті.

«Сахнаға ораламын, өзіме, әндеріме, шығармашылығыма. Бірақ бұрынғыдай барлық концертке қатыспаймын. Маған жақын форматтағы шаралар — ұзату тойлар, мемлекеттік концерттер болуы мүмкін. Шығармашылығымды жалғастырамын», –

деп қосты ол.

Айта кетейік, Айдана Меденова — «КешYou» тобының экс-мүшесі. 2015 жылы бес жылдық келісімшарт аяқталған соң топтан кетіп, сол жылы продюсер Әлішер Нұржановқа тұрмысқа шыққан.

Ал 2023 жылдың қаңтарында ол орамал тағып бастағанын жариялаған еді.


Фото: Instagram

Cookie Image Использование файлов cookie

Мы используем куки для улучшения работы сайта. Узнать больше