«Қазатомөнеркәсіптің» бұрынғы басшысы қызының таңдауын қолдайтынын айтып, жаңа құдаларын жылы лебізбен сипаттады және сын айтушыларға жауап берді. Оның сөзінше, ең бастысы – баласының бақыты.
Алтынай мен оның таңдаған жары Карлдың үйлену тойы 5 маусым күні өтті. Мұхтар Жәкішов үшін бұл күн ерекше әрі жүрекке жақын сәт болды. Үлкен қызы Айгерім тұрмысқа шыққан кезде ол қамауда болғандықтан, тек жазбаша құттықтау жолдаған. Ал бұл жолы Алтынайды ақ жол тілеп, үлкен өмірге өзі шығарып салды.
«Қызыңның қуанышында қағаздағы құрғақ сөзбен шектелмей, сөзі қағаздан ғана оқылатын адам болмаудың өзі бір ғанибет. Қызыңды өзің ұзатып, осынау өмірлік маңызы бар ақ босағадан аттар сәтінде Алтынайыңа жүрекжарды жылы сөздеріңді өзің айта алуың неткен бақыт!», –
деді кәсіпкер.
Әкесінің айтуынша, Алтынайдың таңдауы аяқасты қабылданған шешім емес. Жас жұп алты жылдан бері бір-бірін таниды. Екі жыл бұрын Карл Алматыға арнайы келіп, Алтынайдың қолын сұраған. Сол кезде Жәкішов өз келісімін берген.
Мұхтар Жәкішов күйеу баласының адамгершілік құндылықтарын, еңбекқорлығын және алдына қойған биік мақсаттарын жоғары бағалайтынын айтты. Алайда әке үшін ең маңыздысы – Карлдың Алтынайды шынайы, терең әрі нәзік сезіммен жақсы көруі.
Күйеу жігіттің ұлтына қатысты әлеуметтік желілерде айтылған жағымсыз пікірлерге тоқталған кәсіпкер мұндай көзқарас өзінде тек өкініш пен жиіркеніш сезімін тудыратынын жеткізді.
«Нағыз намыс күйеу баланың ұлтымен өлшенбейді. Намыс дегеніміз сол намыс үшін тым жоғары баға төлеуге тура келгенде, адамдық арың мен абыройыңды таза сақтап қала алуыңмен өлшенеді!», –
деді Джакишев.
Ол өзіне қарсы қозғалған қылмыстық істі қолдан ұйымдастырған тергеушілер, прокурорлар мен судьялардың арасында шетел азаматтары болмағанын да атап өтті.
Кәсіпкер жаңа құдалары туралы да жылы пікір білдірді. Олардың отбасы 70 жылдан астам уақыт бойы Ұлыбританияда тұрғанымен, ұлттық тамырын ұмытпаған және тойға дәстүрлі киіммен келген. Күйеу жігіттің әкесі, инвестициялық банкир Генримен Мұхтар Жәкішов жаһандық экономикалық үрдістер туралы қызықты әңгіме өрбіткенін айтты.
Шетелдегі балалық шақ
Мұхтар Жәкішов қызы Алтынайдың жетістіктерін мақтан тұтатынын жеткізді. Оның айтуынша, Алтынай журналист ретінде де, модель ретінде де өз орнын тапқан. Бүгінде оның бейнесін әлемдегі ірі брендтер жарнамалық науқандарында пайдаланып келеді.
Сонымен бірге кәсіпкер қызының есейген шағында жанында бола алмағанына өкініш білдірді.
Жәкішов қамауға алынған кезде Алтынай небәрі тоғыз жаста болған. Ал ол бостандыққа шыққанда қызы жиырма жасқа толған еді. Отбасына көрсетілген қысымнан қорғану үшін қыз бөтен елге кетуге мәжбүр болған.
Сөз соңында Мұхтар Жәкішов ізгі тілегін жолдаған барша азаматқа алғыс айтып, қандай жағдай болса да балаларының таңдауын құрметтеп, әрдайым қолдайтынын жеткізді. Оның айтуынша, балалары өмірде талай қиындықты бастан өткерсе де, елге сыйлы, тәрбиелі азамат болып өсті.
Фото: Facebook