Қазақстандықтар Қатарда ресми түрде жұмыс істей алады: жол мен тұрғын үй ақысы төленеді

Сенат депутаттары қазақстандықтардың Қатарда заңды түрде жұмыс істеуіне мүмкіндік беретін заң жобасын мақұлдады.

от Арайлым Ақан
Опубликовано: 09 октября 2025, 12:14
Қатар жұмыс
Pexels: Max Avans

Құжатқа сәйкес, жұмыс беруші тарап қызметкерлердің жолақысын, тұрғын үйін және әуе билеттерін толық өтейді.

Сенатор Руслан Рүстемовтың айтуынша, қазақстандықтарды Қатарда еңбекке тарту арнайы тәртіп бойынша жүзеге асырылады:

  • алдымен катарлық жұмыс беруші үміткерлерге қойылатын талаптарды, еңбек шарттарын және келісімшарттың мерзімін көрсетіп, өтінім жібереді;
  • кейін бұл өтінімдер Қатардың Еңбек министрлігі арқылы Қазақстанға жолданады;
  • елімізде электронды еңбек биржасы арқылы тиісті кандидаттарды іріктеу басталады.

Осыдан соң жұмысшы мен жұмыс беруші арасында екі елдің министрліктері мен елшіліктерінде тіркелетін еңбек келісімшарты жасалады.

Жұмыс беруші қызметкерге тұрғын үй немесе оның өтемақысын, тегін жол жүру немесе ұшу ақысын, медициналық көмек пен жыл сайынғы төленетін демалысты қамтамасыз етуге міндетті.

Қандай жағдайда келісім бұзылады

Катарлық жұмыс беруші еңбек шарты бойынша өз міндеттемелерінен тек екі жағдайда босатылады:

  • қызметкер келісімшарт мерзімі аяқталмай тұрып өз еркімен жұмыстан шықса;
  • қызметкер ескерту мен өтемақысыз жұмыстан шығаруға негіз болатын өрескел тәртіп бұзушылық жасаса.

Бірінші вице-министр Асқарбек Ертаевтың қандай іс-әрекеттерден кейін қазақстандық азаматты жұмыстан шығаруы мүмкін екенін айтты.

«Қоғамдық мүддеге қарсы әрекеттерге Қатар мемлекетінің заңнамасына, мәдени және діни нормаларына қайшы қылықтар кіреді. Атап айтқанда — заңсыз жиналыстарға қатысу, мемлекетке, дінге немесе ел басшылығына тіл тигізу, ішімдік ішу не есірткі қолдану, қоғамдық орындарда әдепсіз мінез-құлық көрсету және еңбек тәртібін сақтамау», —

деді Ертаев.

Министрдің айтуынша, Қатарға барар алдында қазақстандық азаматтар үш өңірдегі оқу орталықтарында арнайы нұсқаулықтан өтеді. Онда оларға Қатардың заңдары, мінез-құлық ережелері, жергілікті салт-дәстүр мен тұрмыс ерекшеліктері түсіндіріледі.


Фото: Pexels

Дереккөз: Tengrinews

Cookie Image Использование файлов cookie

Мы используем куки для улучшения работы сайта. Узнать больше