Құжат жұмысқа орналасудың барлық кезеңін реттейді – келісімшартқа қол қоюдан бастап виза алуға және елге қайта оралуға дейін.
«Бұл Парсы өңіріндегі елмен жасалған алғашқы келісім.Оның негізгі мақсаты еңбек мигранттарының құқықтарының бұзылу қаупін және олардың мәртебесінің белгісіздігін болдырмау. Бүгінде көптеген қазақстандықтар шетелде табыс табуға ұмтылады. Алайда олар құқық бұзушылықтармен, құқықтық мәртебенің белгісіздігімен, сондай-ақ елге қайтар кездегі қиындықтармен жиі бетпе-бет келеді. Бұл келісім осындай қатерлерді болдырмайды»,
– деді Мәжіліс депутаты Асылбек Нұралин пленарлық отырыста..
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Қазақстанның бірқатар елдермен осындай келісімдері бар екенін еске салды. Қазіргі таңда алыс шетелдерден – Вьетнам, Чехия, Жапония және Словакиямен келісімдер жасалған. Ал Ұлыбританиямен өзара түсіністік меморандумы жұмыс істеп тұр.
«Түркиямен екіжақты келісімге қол қоюға тырыстық, алайда ол жақ бұдан бас тартып отыр. Бірақ Анкара бұл құжатты Түркі мемлекеттері ұйымы аясында рәсімдеуді ұсынып отыр»,
– деді министр.
Шетелде жұмыс істеуді жоспарлағандар үшін барлық ақпарат migration.enbek.kz порталында қолжетімді. Мұнда таңдаған елдің еңбек заңнамасы және өз құқықтарыңды қорғау шаралары жайлы мәлімет алуға болады.
Фото: Pexels
Дереккөз: Orda.kz