Бәрі аяқталып бара жатқанын сезсең де, соққының ауырлығы сондай — дүние астан-кестен болып, бұрынғы өмір қалпына ешқашан келмейтіндей көрінеді.
Бірақ, қаншалықты таңғаларлық болса да, осы сынақтың астында бір шындық жатыр: бұдан өтуге болады. Ал бұл кезеңнен өткен соң, сен мүлдем басқа адамға айналасың: мықтырақ, нәзіктеу және өзіңе деген адалдығың арта түседі.
Төменде кез келген адам басынан өткеретін алты кезең жазылған. Олардың реттілігі, ұзақтығы мен күші әркімде әртүрлі болуы мүмкін. Кейде кейбір кезеңдер қайталанып келіп отыруы да ғажап емес.
- Есеңгіреу және сенбеу
Айырылысқаннан кейінгі алғашқы күндер оянғың келсе де ояна алмайтын түс сияқты сезіледі. Бәрі қиял сияқты көрініп: «Бұл мүмкен емес. Бұл бір қателік. Ертең бәрі бұрынғыша болады», — деген ойлар мазалайды.
Бақытты сәттерді еске түсіретін әндерді тыңдайсың, бірақ ішің тас қараңғы бос қуыс. Кейде жүрегің бояу соғып қалғандай, ал миың өшіп қалғандай сезіледі.
Бұл — эмоциялар тізгінге көнбейтін, ал ойлар тұман ішінде адасатын кезең. Бәрінің неліктен бұлай болғанын түсінгің келеді, қисынды түсініктеме іздейсің, бірақ санаң оны қабылдаудан бас тартады. Бұл — қалыпты жағдай: психикаң сені тым қатал шындықтан осылайша қорғауға тырысады.
2. Мұң мен сағыныш
Алғашқы есеңгіреу басылғанда, нағыз «ауырсыну» басталады. Бұл тек көз жасы емес, бұл — жоғалтудың ауыр сезімі. Сен тек адамды ғана емес, қиялыңда құрған болашақ өміріңді де жоқтап, қайғырасың.
Бұл сезімдердің қайдан келіп жатқанын түсінбеуің мүмкін. Кейде бәрі біткендей көрінгенімен, келесі сәтте естеліктерден жүрегің қайта сыздайды. Бұл әлсіздік емес — бұл сенде болған махаббаттың тереңдігі мен бастан кешіру керек жоғалтудың салмағы.
3. Ыза мен ашу
Мұңнан кейін ашу-ыза пайда болады. Ол әрдайым қарсы жаққа емес, көбіне өзіңе бағытталады: «Неге мен бұған жол бердім? Неге шыдадым? Неге кезінде айтпадым? Неге...?»
Ашу — мидың ауырсынуға берген реакциясы, ол сенің жүрегіңді қорғауға тырысады. Бұл айналаға деген реніш, әлемге деген ризасыздық немесе біреуді (өзіңді, бұрынғы серігіңді немесе тағдырды) кінәлау түрінде көрініс табуы мүмкін. Бұл — қалыпты құбылыс.
Ашу — сенің жауың емес, бұл босап шығуға жасалған қадам. Ол сенің ішіңде әлі де сыртқа шығуды күтіп жатқан сезімдер бар екенін көрсетеді.
4. Шындықпен мәмілеге келу (Саудаласу)
Бұл кезеңде сен бұдан былай жастыққа бас қойып жыламайсың немесе бүкіл әлемді кінәламайсың. Бірақ «саудаласа» бастайсың — бұл жолы басқа адаммен емес, өмірдің өзімен. Тым болмаса «Егер мен соны уақытында айтқанымда...», «Егер біз бәрін басынан бастасақ...» деген ойлар келеді.
Бұл — баяғыда бақылаудан шығып кеткен жағдайды қайта қолға алуға тырысу. Сәтсіз шыққан сценарийді қайта жазғысы келетін адамға тән табиғи қалау.
5. Сауығу
Ауырсыну мен ашу-ыза басыла бастағанда, басында оғаш, ерекше, тіпті қорқынышты көрінуі мүмкін жаңа кезең келеді.
Сен әлі өзіңді жүз пайыз «жақсы» сезінбейсің. Бірақ күндерің тынышталып, естеліктер жеңілдей түседі, ал ішкі дүниең жаңа нәрселермен толыға бастайды. Өзіңді кінәлі сезінбестен қайта күле аласың немесе бұрынғы адамыңды сиректеу еске алатыныңды байқайсың.
Бұл кезеңде процесті тездетуге тырыспа. Көз жасы, тыныштық, серуендеу, достармен сырласу, күнделік жүргізу немесе жай ғана жалғыздықтағы тыныш сәттер — мұның бәрі сауығудың бір бөлігі.
6. Алға жылжу
Ақыр соңында, ең қиын күндердің артта қалғанын аңғарасың. Сенің әлемің бұдан былай бір адамның төңірегінде айналмайды, сен бұрын байқамаған өмірдің ашық түстерін көре бастайсың.
Бұл бәрі ұмытылды дегенді білдірмейді — бұл әлдеқайда тереңірек сезім. Бұдан өткеніңді түсінгенде, сен еңсеңді тіктейсің, өткен мен болашақтың арасында адасып қалмайсың. Өзіңді біреудің тарихындағы кейіпкер ретінде емес, бұрын да болған және болашақта да болатын жеке тұлға ретінде қабылдайсың.
Алға жылжу — сезінуді тоқтату емес, болған жағдаймен бірге өмір сүріп, оның сенің ертеңіңді билеуіне жол бермеу.
Фото: Pexels
Дереккөз: HEROINE