Продюсердің айтуынша, ол кез келген қиындыққа жеңіл қарап, күйзеліске берілмеуге тырысады. Продюсер өз жобаларының сәтсіздікке ұшырағанына бола өзін ешқашан кінәламайтынын жеткізді.
«Бұл жобалардың бәрі мен үшін қымбат, өйткені олардың әрқайсысы жүректен шыққан, үлкен еңбектен туған дүниелер. Не жасасам да, өзімді ешқашан кінәламаймын. Фильм өтпей қалса да, топ дамымай қалса да, ән шықпай қалса да — бірінші, екінші, жиырмасыншы — мен өзімді ешқашан жеңілгендей сезінбеймін», —
деді ол.
Сондай-ақ ол өз өміріндегі ең қиын жағдайлардың бірі — миллион долларлық қарыз туралы айтып берді. Актрисаның сөзінше, ол бұл жағдайға ойын секілді қарап, өз-өзін уайымға салмаған.
«Мен адамдарға барып: “Міне, қолым. Мен ешқашан ешкімді алдаған емеспін. Ондай адам жоқ бұл дүниеде. Мен әрқашан қарызымды қайтарамын. Маған уақыт беріңіздер, мен қайтарып беремін. Қанша уақыт қажет болатынын білмеймін. Қазір мұндай ақшаны табатын дайын жобаларым да жоқ”, — деп айттым», —
деп есіне алды ол.
Баян Мақсатқызы қарызды екі жыл ішінде толық өтегенін айтты.
«Бірақ сол уақытта да мен тыныш ұйықтадым. Тамақты да тәбетпен жедім. Өмірге қуана қарадым. Өйткені адам мәселені жеңіл қабылдаса, ол соғұрлым тез шешіледі», —
деді продюсер.
Баян Алагөзова сөзінің соңында мансабының алғашқы кезеңінен бастап ешқашан ерекше мазасыздық немесе қорқыныш сезінбегенін атап өтті.
Фото: Instagram
Дереккөз: «MUZZONE TV» YouTube арнасы