Фильмнің сюжеті бір жесір әке мен оның үш қызының төңірегінде өрбиді. Әкесінің денсаулығы сыр берген соң, қыздары оған жар тауып бергісі келеді. Алайда бұл ниет күтпеген салдарға әкеліп, әкенің жүрегінде баяғыдан сақталған махаббатты ғана емес, қыздардың өз өміріндегі шешілмеген сезімдері мен ішкі жараларын да ашып жібереді.
Фильмнің продюсерлері — Олжас Нұрбай, Максим Акбаров және Роман Павлингер.
Комедиялық элементтерге қарамастан, «Қызым» бүгінгі қоғамға тән маңызды тақырыптарды батыл көтереді. Олардың қатарында отбасылық дағдарыс, қарыз мәселесі, әлеуметтік желілердегі «мінсіз өмірмен» өзін салыстыру, ата-ананың мойындауына деген қажеттілік, апалы-сіңлілілердің қарым-қатынасы және кемел жастағы махаббат бар.
Басты рөлдерде отандық танымал актерлер — Әбунасыр Серіков, Баян Алагөзова, Жазира Еркін, Аида Құрманғалиева, Алма Халмұханова және Ерболат Әлқожа.
Көрермен Баян Алагөзованы мейірімді, нәзік әрі жылы образда көрсе, Әбунасыр Серіков бұл жолы алғаш рет драмалық рөлді сомдап, жаңа қырынан ашылады.
Ал, актриса Жазира Еркін рөлдің өзіне үлкен ішкі ізденіс әкелгенін атап өтті.
«Кейіпкерімнің əлсіздігін қабылдай тұра, өз əлсіздігімді де мойындауға тура келді. Эмоционалдық тұрғыдан бұл рөл мен үшін оңай болған жоқ. Кейіпкерді терең əрі шынайы ашу үшін көп еңбек сіңірдім», —
деді Жазира.
Сонымен қатар, «Қызым» фильмінде Бауыржан Исаевтің «Аяулым» әні саундтрек ретінде қолданылған. Ән Қайрат Нұртастың қатысуымен жаңартылған нұсқада ұсынылды.
Фото: Instagram