«Өте ауыр әрі қорқынышты»: Әсел Сәдуақасова жақын адамынан айырылғанын айтты

Белгілі қазақстандық актриса, әнші және продюсер Әсел Сәдуақасова жақын адамының қазасы туралы айтты.

от Арайлым Ақан
Опубликовано: 26 ноября 2025, 11:55
Әсел Сәдуақасова
Instagram: @asselsadvakassova

Әселдің айтуынша, жуырда оның өте жақын құрбысы қайтыс болған. Ол қатерлі ісікке шалдыққан. Жасы небәрі 43-те болған. Бұған ешқашан дайын болу мүмкін емес екенін айтады актриса. Қайғыдан түңілген оның барлық жақындары бұл жағдайды ауыр қабылдаған.

«Мен алғаш рет жақын адамымды осындай жаста жоғалтуды бастан өткеріп отырмын. Иә, бұл өте ауыр әрі қорқынышты екен. Енді ол адамды ешқашан көрмейтініңді түсіну – жаныңды ауыртады. Бұрынғыдай бірге күле алмайсың, ал біз үнемі тек күліп жүретінбіз. Енді ешқашан сыр бөлісе алмайсың, жүректен шығатын нәзік әңгімелер болмайды, сол көздерге қарап, құшақтай да алмайсың. Ең қиыны – бес бірдей тамаша баланың анасынан айырылғаны», –

деді ол.

Әсел Алматыда болған кезде құрбысына жиі барып тұрғанын, екеуінің сағаттап әңгімелескенін айтты.

«Соңғы рет ол маған өте нық дауыспен: “Аселек, ешкімді тыңдама, өзің қалай сезінсең, солай өмір сүр. Өзің ғана білесің, саған не керек екенін. Біз өзімізге тым көп тыйым салып, көп шектейміз. Ал өмір бір-ақ рет беріледі, әрі не боларын ешқашан білмейсің”, – деді», –

деп еске алды актриса.

Оның айтуынша, біз көбіне өмірдің қадірін білмейміз, ұсақ-түйекке бола күйзелеміз, өзімізді де, уақытымызды да қорғай алмаймыз, тірі жүргенімізге алғыс айтуды ұмытып кетеміз.

«Құрбым бұл өмірден өте ерте кетті, бірақ бір нәрсені анық білемін – ол өмірін жарқын, әдемі, қызықты, көңілді, бақыт пен үндестікте, үлкен махаббатпен сүрді. Ол шынымен өмірді жақсы көрді. Иә, кімнің қанша өмір сүретінін білу мүмкін емес. Оның бәрі – Жаратушының қолында. Бірақ біз әсер ете алатын дүниелер бар – ол өз өмірімізді қалай өткізетініміз: сүйіспеншілікпен бе, әлде қорқынышпен бе, қасымызда сүйген адамдарымыздың болуын қалаймыз ба, жоқ әлде азға келісе саламыз ба, жанымыз қалайтын іспен айналысамыз ба, әлде өзгерістен қорқып, жаңа нәрсеге қадам баспаймыз ба, әлемде ғажайып жоқ деп сенеміз бе, әлде бәрі – ғажайып деп қараймыз ба», –

деп түйіндеді Әсел.

Фото: Instagram

Cookie Image Использование файлов cookie

Мы используем куки для улучшения работы сайта. Узнать больше