Тупак Шакурдың өлімі: 30 жылдан кейін сот үкім шығарды

Лас-Вегастағы алқабилер 63 жастағы Дуэйн «Кеффи Ди» Дэвисті америкалық рэпер Тупак Шакурдың шамамен 30 жыл бұрын жасалған өліміне кінәлі деп таныды.

от Арайлым Ақан
Опубликовано: 01 сентября 2026, 11:57
Тупак Шакурдың өлімі
Instagram: @2pac

Алқабилерге айыптау үкімін шығару үшін үш сағаттан аз уақыт қажет болған. Дэвис атыс қаруын қолдану арқылы адам өлтіргені үшін кінәлі деп танылды. Оған өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін. Сот үкімін жариялау 13 қазанға белгіленген.

БАҚ мәліметінше, Дэвис сот шешіміне шағым түсіруді жоспарлап отыр.

Тупак Шакурдың өлімі

Тупак Шакур 1996 жылғы 7 қыркүйекте кешке Лас-Вегаста өлімге әкелген оқ жарақатын алды. Рэпер көлікте Death Row Records дыбыс жазу компаниясының басшысы Мэрион «Шуг» Найтпен бірге отырған. Көлік бағдаршамның қызыл түсіне тоқтаған кезде, олардың жанына ақ түсті Cadillac келіп, ішінде отырған адам оқ атқан.

Шакур бірнеше жерінен оқ жарақатын алды. Алты күннен кейін, 13 қыркүйекте ол ауруханада көз жұмды. Рэпер небәрі 25 жаста еді.

Ондаған жыл бойы рэпердің өліміне қатысты ешкімге ресми айып тағылған жоқ. Дэвис — Шакурдың өліміне тікелей байланысты қылмыстық жауапкершілікке тартылған алғашқы әрі әзірге жалғыз адам.

Неліктен Дэвис кінәлі деп танылды?

Прокуратура Дэвистің рэперге тікелей оқ атқанын айтқан жоқ. Айыптау тарапының нұсқасы бойынша, ол шабуылды ұйымдастырып, Cadillac көлігінде болған топтың жетекшісі болған.

Тергеу мәліметінше, кісі өліміне бірнеше сағат бұрын болған жанжал себеп болған. Сол кезде Шакур мен оның қасындағы адамдар Лас-Вегастағы қонақүйлердің бірінде Дэвистің жиені Орландо «Бэби Лейн» Андерсонды соққыға жыққан.

Прокурорлардың мәлімдеуінше, осыдан кейін Дэвис қару тауып, тағы үш ер адаммен бірге Шакур мен Найтты іздеуге шыққан. Тергеу нұсқасына сәйкес, Дэвис тапаншаны көліктің артқы орындығында отырған адамдардың біріне берген. Алайда өлімге әкелген оқтарды нақты кім атқаны сотта анықталған жоқ.

Дэвис көптеген жыл бойы кісі өлтіру кезінде Cadillac көлігінде болғанын өзі ашық айтып келген. Ол бұл туралы сұхбаттарында, тергеушілермен әңгімелерінде айтқан, сондай-ақ өз естеліктерінде сол оқиғаға тоқталған.

Прокурорлар Дэвистің осы мәлімдемелерін іс бойынша негізгі дәлелдердің бірі ретінде пайдаланды. Ал қорғау тарапы болса, Дэвистің сөздерін танымал болу және ақша табу мақсатында асыра айтылған мәлімдемелер деп бағалады. Сонымен қатар қорғаушылар айыптау тарапында Дэвисті кісі өлімімен тікелей байланыстыратын заттай дәлелдер жоқ екенін алға тартты.

Прокуратураның нұсқасы бойынша, шабуыл кезінде Cadillac көлігінде болған төрт ер адамның ішінде Дэвис — қазіргі таңда тірі қалған жалғыз адам.


Фото: Instagram

Дереккөз: ABC News

Cookie Image Использование файлов cookie

Мы используем куки для улучшения работы сайта. Узнать больше