Funky chic дегеніміз не?
Бұл трендтің мәнін атауынан-ақ аңғаруға болады. Funky сөзі «ерекше», «батыл», «эксцентрикалық» немесе «көзге бірден түсетін» деген мағынаны білдіреді. Сондықтан бұл стильдегі образдар да дәл осындай сипатқа ие.
Funky chic стилінде 1980-жылдар сәнінің жарқын элементтері байқалады. Бірақ бұл қатаң костюмдер емес, ашық түсті киімдер, сол дәуірдің фитнес эстетикасынан шабыт алған үлгілер, түрлі принттер, ерекше текстуралар мен батыл стильдік шешімдер. Осындай айқын акценті бар образдар қарапайым минимализмнің орнын басты. Бұл сәнқойлардың артық детальсыз қарапайым образдардан шаршағанын көрсетеді.
Funky chic стиліне қандай киімдер мен әшекейлерге тән?
Бұл стильдің басты қағидасы – көзге бірден түсетін киімдерді таңдау. Мәселен, түрлі ірі жазуы, геометриялық немесе абстрактілі өрнектері бар футболкалар мен топтар, қысқа әрі денеге қонымды үлгілер немесе поло жейделер кеңінен қолданылады. Сонымен қатар өрнекті жейделер, винтаж үлгісіндегі блузалар, күдері немесе вельветтен тігілген жилеттер де сәнде.
Салқын күндері ашық түсті желден қорғайтын күртешелер, бомберлер немесе түрлі жапсырмалары бар мотоцикл стиліндегі күртешелер образды толықтыра алады.
Төменгі киімге келсек, мұнда таңдау еркін. Ең бастысы – текстуралармен тәжірибе жасаудан қорықпау. Жаздың ең танымал трендтерінің бірі – диско стилінен шабыт алған ірі пайеткамен көмкерілген жарқын белдемшелер. Сондай-ақ ерекше матадан тігілген шолақ шалбарлар, өрнекті шалбарлар, капри мен bootcut үлгілері де сәнде.
Funky chic стилінде аксессуарлардың орны ерекше. Жарқыраған сөмкелер, ерекше пішіндегі клатчтар, көлемді әшекейлер – бәрі жараса береді. Бұл стильдің ерекшелігі – эклектика. Сондықтан спорттық образды бохо стиліндегі ірі аксессуарлармен үйлестіруге де болады.
Funky chic стилінде образды қалай құруға болады?
Ең маңызды қағида – әртүрлі стильдерді батыл үйлестіру. Мысалы, спорттық үлгідегі үстіңгі киімді жылтыр немесе жеңіл белдемшемен, ал комбинация-көйлекті спорттық желден қорғайтын күртешемен киюге болады.
Тағы бір маңызды ереже – түстермен еркін ойнау. Егер қара, ақ және сұр сияқты ахроматикалық реңктермен ғана шектелсең, бұл стильдің мәнін жеткізу қиын болады. Оның орнына бір-біріне қарама-қарсы жарқын түстерді үйлестірген жөн. Мысалы, көгілдірді қызғылт түспен, жасылды қызғылт сары түспен қатар қолдануға болады.
Сондай-ақ, түрлі принттерді араластыру – Funky chic стилінің басты ерекшеліктерінің бірі. Леопард пен зебра өрнектерін бірге пайдалану немесе ірі жазуларды абстрактілі суреттермен үйлестіру образға ерекше сән береді. Неғұрлым өрнек көп болса, соғұрлым жақсы. Дегенмен образ үйлесімді көрінуі үшін принттердің түс гаммасы бір-бірімен үндескені дұрыс.
Фото: Instagram
Дереккөз: Grazia